***

Сәтбаев қаласының 45 жылдық мерейтойына орай сәуір айында қаламызда «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Оның мақсаты – ерекше қамқорлықты қажет ететін 45 балаға көмек көрсету, оларға қолдау білдіру, жандарына жылулық сыйлау. Аталмыш акция Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Халықаралық балаларды қорғау күнінде де өз жалғасын тапты.

Бұл күні қала әкімі Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Балмағамбетов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мүмкіндігі шектеулі бір топ баланың үйіне барып, мерекелерімен құттықтады. Балаларға қаржылай көмекпен қатар, ойыншық пен жеміс-жидек жиынтығын тапсырған Асқар Абылайұлы қаламызда ерекше қажеттіліктері бар бірде-бір бала ескерусіз, қолдаусыз қалмайтындығын жеткізді. Өз тарапынан балаларының көңіліне қуаныш, жүздеріне күлкі сыйлаған қайырымды азаматтарға ата-аналар зор алғысын білдірді. Сонымен қатар, сол сәтті пайдаланып өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын да алды.
Балаларға, оның ішінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларға қамқорлық көрсету жалпы қоғамның міндеті болып саналады. Сондықтан, осындай акцияларға қала тұрғындары атсалысып, белсенділік танытса артық болмас еді.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.