***

Балаларды қорғаудың халықаралық күнінде ата-аналары өндірісте қаза тапқан бүлдіршіндерге «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тарапынан сый-сияпат жасалды.

Жыл сайын Жезқазған және Сәтбаев қаласында тұратын отбасыларды аралап, жағдайымен танысатын мыс алыбының басшылығы биыл да сол әдетінен танған жоқ. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры Талғат Шайқыбеков бастаған бір топ азамат асыраушысынан айрылған отбасыларда болып қайтты.
Осыдан бір жарым жыл бұрын ШЖК орын алған бақытсыз жағдай отағасы Бақытжан Көлбаевтың өмірін қиып кетті. Ол кезде кенже баласы Әмина екі жасқа да толмаған еді.
– «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері Жаңа жыл, Кеншілер күні секілді мерекелерде бізді назардан тыс қалдырмайды. Балалар ешнәрсеге мұқтаж емес. Дегенмен, тәтті-дәмді мен сыйлықтарға қуанып қалады. Ал, өткен жылы осы азаматтардың арқасында отбасымызбен «ЭКСПО» көрмесін керемет әсермен тамашалап қайттық, – деген анасының сөзіне он төрт жасар Жан да қосылды.
– Корпорация басшыларының шаңырағымызға арнайы атбасын бұруы әкеміздің атына деген құрметті білдірсе керек, – дейді ол толқып.
ШЖК-нде еңбек еткен Асылхан Ақажановтың қызы Асылтас бұл күні үйінде болмай шықты. Демалысқа кеткен қыздың қайтып оралғанда түрлі сыйлықты көріп қуанатындығы анық. Сонымен қатар, сапарлап кеткен бес жасар Қайсар, тоғыз жасар Мөлдір, он үш жасар Ерасыл Ербосыновтарды да отбасында осындай тосын сый күтетін болады. Олардың әкесі Еркен Ербосынов осыдан бес жыл бұрын ОЖК-де бақытсыз жағдайға ұшыраған болатын.
– Бала – өмірдің гүлі. Отбасының базары мен ажары. Елімізде соңғы уақытта сәбилердің саны артуда. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Тәуелсіз еліміздің келешегі өскелең ұрпақ болса, олардың бақытты балалық шағы, білім алуы, тәлімі мен тәрбиесі біздің жауапкершілігіміздегі іс. Осы бүлдіршіндер саналы азамат, тәрбиелі де білімді бозбала мен бойжеткен болып ержетіп, қаламыздың мақтанышына, еліміздің еңсесін биіктетер ертеңі боларына сенім мол, – деп ізгі лебізін білдірген Т.Шайқыбеков балаларға ойыншықтар, тәтті-дәмділерге қоса караоке-микрофон тарту етті.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.