***

Балаларға қамқорлық көрсету, құқығын қорғау әрқашан үлкендер назарында. 1 маусым — балалар мерекесінде Сәтбаев қаласындағы «Асаба» мейрамханасында ақ дастархан жайылды.

Отыздан астам мүмкіндігі шектеулі балалар қатысқан шараның басты ұйым­дас­тырушысы – аталмыш мейрам­хана иесі Меруерт Бахбергенова. Қараған­ды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы меценаттар клубының, қаладағы әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің мүшесі болып табылатын кәсіпкердің бұл бірінші қайырымдылық ісі емес.
– Қолымнан келгенінше осындай шаралардан қалмауға тырысамын. Өзім де көп балалы ана ретінде олардың мұңын жақсы түсінемін. Күн сайын дертімен күресіп, қаншалықты мықты екендіктерін танытып жүрген балаларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Болашақты бірге жасай алатындығымызды, біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың өз орыны бар екендігін түсіндіріп, өмірге деген құштарлығын арттыра алсақ, осының өзі біз үшін үлкен жеңіс, – дейді ол.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, Астана қаласының – 20, Сәтбаев қаласының 45 жылдық мерейтойы аясында өткізілген игі шарада балаларға арналған тілектерде шек болған жоқ. Қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған бір топ азамат ағынан ақтарылып, әйелдер саясатын жүзеге асырудағы іскерлігі үшін Меруерт Мұқарқызына алғыс білдірді. Қала көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды шараларды тілге тиек етті. Сәуір айында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен өткізілген «Мейірім шуағы» акциясы барысында қырық бес балаға елу мың теңгенің сертификаты, «шыны бала» атанған Ержан Амантайға екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілген болатын. Игі істің бүгінде осылайша жалғасын тауып жатқандығы қуантады.
Салтанатты сәтте осы күні дүниеге келген Дарынның он алтыға аяқ басқан туған күні де атаусыз қалмады. Анасы Венера Сәдуақасова тоғыз жасында көлік қағып, басынан қатты зақым алған ұлының тағдырына алаңдайтындығын білдіріп көзіне жас алды. Бұл күні жастайынан ауруға ұшыраған, он екіде бір гүлі ашылмай жатып мүгедек болып қалған тағдырларды, жаутаңдаған жанарларды кездестірдік. Олардың өмірден өз орнын табуына мүмкіндік жасап, жанашырлық танытып, дамуына ықпал еткен, сол үшін қалыпты жағдай тудыруға атсалысып жүрген үлкен жүректі адамдар қатары көбейе берсе деп тіледік.
Кеш барысында арнайы даярланған концерттік бағдарламаға кезек берілді. Жастайынан өмірдің тауқыметін тартқан балалар арасында өнерге бейім бүлдіршіндер жетерлік. Олар бар өнерін ортаға салып, «Күн мен жаңбыр», «Көңілді маймылдар», «Айна» атты ойындарға белсене қатысып, түрлі сыйлықтарға ие болды.

Мейрамгүл Алпысбай.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.