Шынболат ақынға арналды

Кеншілер Сарайында орналасқан «Шынболат Ділдебаев» мұражайында қаланың шығармашылық қауым өкілдерінің «Шындық» тобының кезекті отырысы өтті. Бұл отырыс ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевқа арналды. Өйткені, ақиық ақын осыдан он бір жыл бұрын 7 қарашада дүниеден өткен еді. Осы еске алу кешінде қаланың жергілікті ақындары, өнер адамдары асыл азамат жайлы естеліктер айтып, Шынболат ақынға арналған өлең жолдарын оқыды. Сол күні қаламызда болған «Хабар» телекомпаниясы «Еларна» арнасының тележурналистері Шынболаттың мұражайына келіп, ақынның ізбасарлары – жас айтыскерлер мен жыршы, термешілер мектебінің оқушыларының өнерімен танысып, «Еларнаның» әр сенбісі, сағат 18.30-да көрсетілетін «Қош келдіңіздер» бағдарламасына сюжет түсірді. Журналистер осы мектептің жетекшісі, ақын Ғалил Жәнібековпен сұхбаттасты. Сонымен бірге, қала қонақтары мұражайдағы Шынболатқа қатысты жәдігерлермен танысты. «Шындық» шығармашылық тобының мүшелері Шынболат ақынның 70 жылдығына орай шығармаларының жинағы дайындалып, Алматы қаласының бір баспаханасында теріліп қойғанын, бірақ та қаражат тапшылығынан басылмай жатқанын тілге тиек етті. Соған орай, шығармашылық қауым ақынның жинағын басып шығарып, өнер сүйер қауымға жеткізу үшін қала әкімі атына қаражат бөлу жөнінде өтініш-хат дайындады. Елімізге кеңінен танымал ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың рухани байлығын елге жеткізу Шын-аға алдындағы біздің парызымыз. М.Әбішев.

Комментарии закрыты.