Ұстаздарға арналған əн кеші

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында қаламызда күн сайын ісшара өтіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Сондай бір ауқымды шараны жергілікті әншіміз Жамал Омарова ардақты ұстаздарға арнады.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен шығармашылық кештің шымылдығын әншінің кенже ұлы Жақсылық «Ұлытау» әнімен ашты. Кішкентайынан әнге құмар Жақсылықтың төселіп қалғаны осы бір күрделі әнді орындауынан-ақ байқалды.

«Өнер әлемінде – 10 жыл» деп айдар таққан мерейтойға қала тұрғындары, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері, мұғалімдер, әншінің білім берген ұстаздары, жалпы өнер десе елең етер кәріжас көптеп жиналды. Жамалдың бұл кеші репертуарының жаңаруымен ерекшеленді. Өзінің концертіне Жезқазған саз колледжінің «Томирис» би тобын шақыртып кештің сәнін келтірсе, Сәтбаевтық «Маюри-Девдас» тобын билетіп көрермендерді бір желпінтіп тастады. Анасының ән кешінде «Томирис» би тобымен қосылып Жезқазған саз колледжінің III курс студенті қызы Айнұр да өнер көрсетті.

Сондай-ақ, кеш барысында Жамал ұлы Абылайханмен қосылып «Алтын бесік» әнін, «Сүгірдің термесін» орындағанда көрермендер ерекше ықылас танытты.

Шәкіртінің кешіне Жамалдың ұстазы Қ.Сайдалин отбасымен арнайы келіп құттықтады. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегенді ұстанған Жамал қазақ елінің мақтанышына айналған атақты әнші Жамал Омарова апасына еліктеуді жас кезінен бастаған. Өзінің аты-жөнінің әйгілі әншімен бірдей екендігін мақтан тұтатын біздің Жамал бұл кеште Жамал апайдың репертуарынан да бірнеше әндер орындады. Сонымен қатар, көрермендерге Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сияқты еңбегі елге сіңген әйгілі әншілер орындаған әндерді сыйлады.

Өзінің өнерін, кәсібін сүйетін Жамалдың сахна төрінде 10 жыл жүрген еңбегін сыйлаған қауым қошеметтерін де аяған жоқ. «Өзіңді өзің жаттай сыйла» деген қағиданы ұстанған қалалық мәдениет бөлімінің, білім бөлімінің аттарынан Алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.