Мықты кәсіподақ – сенімді тірек

Биыл бірінші рет тойланып отырған 10 қазан – Қазақстан Республикасы кәсіподақ күніне арналып дүйсенбі күні қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі кәсіподағының ұйымдастыруымен Балалар өнер мектебінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Жиынға Жезқазған аймақтық кәсіподақ төрағасының орынбасары Ш.И.Бекмағанбетова, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі кәсіподағының төрайымы Г.Ильясова мен қала мектептерінің кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиында Г.Ильясова кәсіподақ кеңесінің жұмысы, құрылымы және тарихы жайында баяндама жасап, білім және ғылым кәсіподақ мүшелері атынан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Кәсіподақтың басты міндеті – өз мүшелерінің құқығын қорғау болып саналады. Кейбір жеке бастың сұрақтарын және көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтың алар орны ерекше. Өз міндеттерін осылай жауапты атқарып жүргендердің қатарында С.Сейфуллин атындағы гимназия кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Галиуллина, №27 мектептің кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Тәжібаева, №№16, 14 орта мектептерден Г.Садуақасова мен И.Ким бар. Кәсіподақтардың жұмысында мәдени-көпшілік шараларға көп көңіл бөлінеді. Білім саласындағы кәсіподақтың бастауыш ұйымдарында тек мерекелі күндерде ғана емес, тұрақты түрде материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Ақылы түрдегі операциялар, стационарда ұзақ емделу, басқа да қиын жағдайларда алдымен көмекке кәсіподақ келеді. Ал, «Сарыағаш», «Көктем», «Мойылды» сияқты шипажайларда кез келген кәсіподақ мүшелері өтініш берген жағдайда демалып, емделе алады, – деді Гүлнәр Жұмабекқызы.

Келесі кезекте Жезқазған қаласынан келген қонақ – Шарбан Ысқаққызы жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, көп жылғы адал еңбегі мен жетістіктері үшін бір топ кәсіподақ мүшелеріне грамоталар, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Соның ішінде, облыстық кәсіподақ ұйымының грамотасына №1 мектеп гимназиясының директоры С.Сағынтаева ие болса, Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымының грамоталарына Балалар өнер мектебінің басшысы Р.Бурда мен осы мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Гудкова, №10 балабақшаның кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Менькова ие болды. Жалпы қалалық кәсіподақ ұйымының мадақтамаларымен белсенді деген 52 адам марапатталды.

Жиын соңында кәсіподақ мекемелерінің жетекшілері Ш.Бекмағанбетоваға, Г.Ильясоваға және кәсіподақтың бас есепшісі Г.Литвинчукқа барлық кәсіподақ мүшелері атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Кеш өнер мектебінің таланты өнерпаздары ұйымдастырған мерекелік концертке ұласты.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.