Тарихты танытқан мұражай

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы мен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы қаланың мәдени өмірінде жақсы бір іс-шара ұйымдастырды. Ш.Ділдебаев мұражайында қойылған «Ежелгі металлургия орталығындағы мұражай» атты көрменің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов, Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының әдебиет, өнер және ғылыми құжаттарды пайдалану бөлімінің меңгерушісі А.Искаков, Әлкей Марғұлан атындағы Алматы археология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Д.Байтілеу және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз алған М.Мәдиева кешегіміз арқылы бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа ел тарихын жеткізуде бұл шараның маңызының зор екендігін айта келе, Жезді мұражайының қызметкерлеріне, Кеншілер сарайының ұжымына алғысын білдірді.

Көрмені бастап келген Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының директоры Зейпін Қазанбаева мұражайдың тарихын қысқаша айтып өтті.

– Жезқазған мен Ұлытау өңірінің ежелден кен қазып, металл балқытқан теңдесі жоқ орталық болғандығын құнды жәдігерлері арқылы айғақтайтын біздің мұражай Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен құрылды.

Жезді мұражайы 2001 жылы республиканың аймақтардағы мұражайлары арасында бірінші болып Астанадағы Президенттік Мәдениет Орталығында «Ғасырлар үні» көрмесін ұсынды. Бұл көрме 2003 жылы Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайында бір жылға таяу жұмыс істеді. Бүгін сәтбаевтықтарға осы көрменің ықшамдалған жобасы ұсынылып отыр. Тарихымызды насихаттаушы бірден-бір мұражайда 15 мыңнан астам бағалы қор болса, оның негізгісі 12 мың. Мұражай жәдігерлерінің 70 пайызы ашық аспан астында орналасқандықтан, алып жүруге ыңғайлы дегендерін әкеліп отырмыз. Ш.Ділдебаев атындағы мұражаймен арадағы достық және рухани байланысымыздың дәлелі ретінде биыл кеншілер шаһарына екінші рет келуіміз, – деді Зейпін Қазанбайқызы.

Көрменің ашылу салтанатында А.Искаков, Ш.Байбосынов шығып сөйлеп, кең байтақ жеріміздің байлығын, тарихын жастардың танып-білуіне мүмкіндік жасап отырған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Кент мұражайының қызметкерлері көне металлургия өмірінен сыр шертер және көрікпен ауа үрлеу арқылы мыс балқыту ісі тарихынан театрландырылған көрініс қойды.

Көрмеде Қ.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты арнайы экспозиция, академиктің қойын кітапшасы, өзінің қолымен жинаған сирек минералдар коллекциясы қойылған. Өлкемізге белгілі зергер, жезқазғандық ақын апамыз Нұрәсилә Бәрменбаеваның әкесі Б.Қорғанбаевтың қолданған құралдары мен бұйымдары қойылған. Космосты игерудің 50 жылдығына және қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіровтың космосқа ұшқанына 20 жыл толуына арналған материалдар орналасқан.

Мұражайдың мәдени-көпшілік және экскурсия бөлімінің меңгерушісі Үрзия Қапарова шолу жасап, келушілерді жәдігерлермен таныстырды.

– Біздің мұражайда Тәуелсіздігіміздің мерейтойына орай «20 жылдыққа – 20 онкүндік» атты шара жүріп жатыр. Қорытындысы желтоқсанның 16 күні дөңгелек үстел басында шығарылады. Осының аясында бірнеше танымдық кештер, семинарлар өткізудеміз, – дейді тау-кен бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбдібекова.

Халқымыздың тас ошақтан бастаған тарихын жинақтап, сақтап, насихаттап жүрген Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының әлемдік маңызы бар екендігін түсінетін, бағалайтын, білгісі келетін жұрт үшін мұражайдың есігі қарашаның 10-на дейін ашық.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.