«Жасыл керуен» жалғасын табуда

Өткен аптада шаһарымызға «Жасыл керуен» келді. Сөйтіп қала тұрғындары базар құнынан 10-15 пайызға арзан өнімдерді сатып алды.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінен, атап айтқанда Шымкент, Сарыағаштан және Өзбекстан елінен көкөніс түрлерін алдыру Сәтбаев қаласы әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Мамыр айынан бастау алған керуен әр айда бір рет қала халқын қарық етіп кетеді. Нарық құнынан әлдеқайда арзан бағаға саудаланған өнімдер арнайы бақылаудан өтіп, сатылымға шығарылды.

– Қала басшысының тапсырмасымен жоспар бойынша жәрмеңке өткізу қадағалануда. Тұрғындар үшін мұнда арнайы таразы қойылды. Жасыл керуен жаз мезгілінде ғана емес, күз айларында да жалғасатын болады. Бұл, сөзсіз, кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті арттырып, шарықтаған бағаны түсіруге мүмкіндік береді. Себебі, қалтасын жұқартқысы келмеген жұрт жәрмеңкеге көптеп келеді. Содан кейін қаладағы дүкендер өз тауарын арзан бағада ұсынуға мәжбүр, – дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Бапов.

Байқағанымыздай, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасы да көңілге қонымды. Мәселен, картоптың 1 килограммы – 85 теңге болса, сәбіз – 140 теңге, қызылша – 140 теңге, пияз – 80 теңге, қырыққабат – 60 теңгеден саудаланды. Ал, қияр-қызанақ өнімі 160 теңге, алма 300 теңгеден сатылса, алмұрт 500-600 теңгеден, апельсин-банан 330-370 теңгеден ұсынылды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.