«Қазақмыстың» құрметі

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметінің Жезқазған аймағы бойынша пиар-менеджері Ардақ Құлжамбекованың ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы «Кислород» сауық орталығында өткен салтанатты кештің құрметті қонақтары кәсіби шеберлігі мен білігі арқасында өзекті мәселелерге қалам сермеп жүрген жергілікті басылымдардың қызметкерлері болды.

Отырыста құттықтау сөз алған А.Құлжамбекова билік пен БАҚ өкілдерінің әріптестік қызметіне  жоғары баға берді. Ақпарат  құралдарының қоғамның дамуына, экономиканың нығаюына үлесі ерекше екендігін айта келе, төл мерекемен құттықтап, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің Бас директоры А.Қырықпышевтің редакция ұжымдарына Алғыс хатын табыс етті. Олардың қатарында «Мысты өңір», «Подробности», «Жезказганский вестник», «Шарайна» газеттері мен «Дидар», СТА телеарналары бар.

Салтанатты кеште бір топ журналист «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының Құрмет грамотасы мен сыйақысына ие болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен маңызының орасан зор екендігін атап көрсеткен «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы журналистерге сый-сияпат жасап, филиал төрағасының бірінші орынбасары Б.Шыңғысовтың Алғыс хатымен марапаттады.

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда БАҚ өкілдері үлесін қосып келеді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген қалам иелері де атаусыз қалған жоқ. Әдемі кеш әсем әнмен әспеттеліп, бимен өрнектелді.

М.АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.