Сенаторлар Сәтбаевта

Сәрсенбінің сәтінде Сенаттың қос депутаты Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен келді. Жұртшылықпен кездесуін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қарасты технология колледжінде бастап, Қазақстан халқының рухани қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығына атбасын бұрды.

Жанына қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған бір топ жауапты мамандарды ерткен меймандарды орталық директоры Гулназ Гатиятова акт залы, әдістемелік кабинет, кітапхана, ана тілін оқып-үйретуге, жас ұрпақты ұлттық мәдениетке баулуға арналған оқу сыныбының жұмысымен таныстырды. Халық қалаулылары бір шаңырақ астына ұйысқан түрлі ұлт өкілдері үшін үлкен маңызға ие Достық үйінің этносаралық қарым-қатынасқа, қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен өзара серіктестікті нығайту бағытындағы жұмысына оң баға берді. Ұлтаралық келісімді нығайтып, бірлік пен татулық идеялары мен патриотизмді насихаттаған, өзінің ділін, ана тілі мен мәдениетін сақтаған этномәдени орталықтардың қызметіне сәттілік тіледі.

Мұнан соң депутаттар №8 ықшам ауданындағы жалпы аумағы 18 956,36 шаршы метрді құрайтын 107 екі пәтерлі жаңа коттедждік қалашықтың құрылысымен танысып, пәтерлерді аралады.

– Экономикасы мен әлеуметтік саласы тұрақтанған Сәтбаев қаласының өнеркәсібі, денсаулық сақтау және білім беру саласы, мәдениеті заман талаптарына сай дамып келеді. Аймақтың тыныс-тіршілігі өндіріспен тығыз байланысты екендігін жақсы білеміз. Сондықтан, қаланың келешегі – кемел, болашағы жарқын боларына осы жүргізіліп жатқан жұмыстар толық дәлел бола алады, – деген халық қалаулылары кен өндірудің өміршеңдігін ұзартудың мүмкіндігі мол екендігін атап айтты.

Одан кейін депутаттар қалалық әкімшілік залында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы нақтыланған мәселелер жөнінде кездесу өткізді. Қала және облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары қызметкерлері және мекеме басшылары қатыстырылған жиында өңірлерді дамыту, газ құбырын тарту, техникалық білім алуға қолдау көрсету жайы сөз болды.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.