Домбыраның қоңыр үні күмбірледі

Домбыра үні қазақ аспанында қалықтады. Еліміздің әр өңірінде шілденің алғашқы жексенбісінде «Ұлттық домбыра күні» кең көлемде дәріптелді. Қасиетті аспаптың киелілігін ұғындыруға бағытталатын мереке Сәтбаев қаласында да бар мән-маңызымен аталып өтті. Кеншілер алаңына жиналған жұртшылық қосішекті қазынаның құдіретіне бас иді.

Мереке мерейі

Елбасы Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» деп жарияланғалы бері ұлттық аспапты ұлықтау бағытындағы шаралар жаңаша сипат алды. Бұл күні дүниеге келген сәбилерге киелі аспапты сыйлау туралы ұсыныс та қолдау тауып, жер-жерде сәби сүйген аналарға сый құрмет көрсетілді. Бұл үрдісті біздің қаламыз да жат көрмей, жақсы жаңалықтың жаршысы бола білді. Қала басшылығы орталық аурухананың перзентханасында дәл домбыра күнінде дүниеге келген сәбиге құрмет көрсетті. Шаһар тұрғындары Қаныш Мүслім мен Аида Тайланның көп күткен тұңғыштарының айтулы мерекеде дүниеге келуін жақсылыққа балайды. Сәбидің туған күнімен құттықтай барған қала әкімі Асқар Ыдырысов бауы берік болсын айтып, ана мен балаға зор денсаулық тіледі. Асқар Абылайұлы нәрестеге естелік домбыраны сыйға тартып, анасына құттықтау хатын табыстады. Тарту етілген хатта: «…Көмейінен күмбірлі күй төгілген қасиетті қазақ аспабы ұлттық домбыра күнімен қатар дүние есігін ашқан сәбиіңіздің бауы берік болсын!

Танымы терең, санасы сергек тұғырлы тұлға болып қалыптасып, қыран болып самғап, «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі, адамгершілік ар-ұжданы жоғары, алыстарды көздеп, биіктерді бағындыратын үлкен азамат болып өссін.
Сізге және сіздің сәбиіңізге зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін!», – деп жазылған.

Нағыз қазақ – домбыра

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы мен жаһандану үдерісінің салқыны жастар арасында домбыраға деген қызығушылықтың бәсеңдеуіне алып келгенін мойындамасқа амал жоқ. Десе де, кейінгі кездері ата-аналардың арасында балаларын ұлттық өнерге баулуға ұмтылатындардың қатарыа өскен. Қанға сіңген қасиет жойылмайды. Музыкалық мектептерге, үйірмеге баратын балалардың саны да жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл қуантарлық жайт. Осы ретте Елбасымыздың домбыра күнін белгілеуі жастарымыздың ұлттық өнерге деген ықыласының, домбыраға деген қызығушылығының артуына да оң әсер етуде. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы алдындағы жазғы амфитеатр сахнасында өнер көрсеткен домбырашылардың жиі көрінуі айтылған ойымызды айғақтай түскендей. Маңызы зор мұра өзгеше мәнерде мерекенің мәнін айшықтады. Концертті өткізудегі мақсат – домбыра үнін жастардың бойына сіңіріп, оның құдіреті жөнінде түсінікті кеңейту. Күй шығармаларын сезіммен түсінуге баулу. Көпшілік қауымның қызығушылығы мен махаббатын ояту.

Мерекелік шарада қала жастарымен бірге кәсіби мамандар киелі аспаптың құлағында ойнады. Алаңды қазақтың халық әндері мен күмбірлеген күйлері кернеді. Қосішекті қазынамызды ұлықтауға қала әкімінің өзі де тікелей атсалысты. Асқар Абылайұлы күй атасы Құрманғазының «Балбырауынын» шерте отырып, барша жұртты ұлттық аспапты үйренуге шақырды.

– Жастайымнан домбыра үнін жаттатып өсірген әкем «осы аспапты меңгеріп шықсаң, қазақпын деп айтуға ұялмайсың» деп ақыл қосқан еді. Қазақтың жанымен, тағдырымен бірге жасасып келе жатқан құнды мұрамызды әрқайсымыз насихаттасақ өткен тарихымызды ұмытпай, соны қадірлеуге қосқан үлесіміз болар еді. Сондықтан, әрбіріміз дәл осы күні домбырамызды асынып, ел болып тойлау біздің бейбітшілігімізді одан әрі нығайта түседі, – дейді қала басшысы.

Домбыра кешінде «Кеншілер сазы», «Іңкәр сарын» фольклорлық ансамблдері өнер көрсетті. Қамбар Урмузов, Ешмұхан Ерсұлтан, Мейрамбек Қожайхан, Дәуіржан Жапаров, Дамир Мизанбаев, Алдияр Сламғазы сынды өнерпаздар дүйім жұртқа танымал ән-күйлерді орындады. Сонымен қатар, домбыра туралы сұрақтар жасырылған викториналық ойын өткізілді.

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп келетін өлең жолдары кез келгеннің тіл ұшына оралатын тағылымды тіркеске айналуы заңды. Ендеше, 5000 күйі бар Алаштың бек мұрасы биік тұруға міндетті. Дабырадан домбыраға бет бұруымызды қазақтану қадамының басы деп ұғынамыз.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.