Суицидке негіз бермейік

Суицид – қазақша айтқанда, өзіне өзі қол жұмсау. Бүгінде оны ішкі және сыртқы деп екіге бөлуде. Ішкі суицидке ұшырайтындар оған жылдар бойы дайындалып, алдын-ала жоспарлап, ыңғайлы орын, тіпті асылатын арқанына дейін әзірлеп, ыңғайлы уақытты күтіп жүреді. Тіпті, туғантуыстарына да, ең жақын деген адамдарына да соңғы сағатқа дейін білдірмей, ішкі күйзелісін шығармай жасырын күй кешеді. Ал, сыртқы суицидтің алдын алуға болады. Ол үшін суицидтің даму себептерін білу қажет.

Жасөспірім мен оның ата-анасының арасындағы түсінбеушілік, баланың өмірде кездесетін қиыншылыққа төзе алмауы, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі немесе жасөспірімнің өзінің шешім қабылдауына тыйым салу, еркіндік бермеу, кейбір балалардың өзінің дүниеге келгеніне кінәлі сезінуі, достарымен арадағы қарым-қатынастың нашарлауы сияқты жағдайларды дер кезінде байқап, анықтаса, қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Оқушы мен ұстаз арасындағы немесе қызметкер мен басшы арасындағы шиеленіс те суицидке негіз болады.

Статистикаға сүйенсек, өзін өзі өлтіру фактілері, әсіресе, ерлер арасында жиі кездеседі. Олардың көпшілігі 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар болып келеді.

Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметтерде мұндай оқиғалар жиі тіркеледі. Еш жерде жұмыс істемейтін А. деген азамат, қазақша айтқанда, өзін өзі бауыздап ауруханаға түскен. 27 жасында өмірмен қоштасуға не себеп болғанын өзінен басқа ешкім білмейді. Тағы бір мысал, жедел жәрдемге жүгінген СЖК жұмыскері Қ. да 27 жаста екен. Дәрі ішіп уланғысы келген. Екі бірдей азаматты өлімге итермелеген не жағдай екенін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Суицид дертінің емі – иманда. Бұл пікірмен келіссек болады, себебі, өзіне өзі қол жұмсау күнә болып саналады. «Алланың берген өмірін қию Алланың ісіне қарсы тұрғанмен бірдей», – дейді үлкендер. Қалай десек те, суицидтің адам үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де зияны зор. Ол елдегі өлім-жітімнің артуына, халық санының азаюына ғана емес, мемлекетті әлеуметтік-экономикалық құлдырауға әкеледі.

Марал ШАХАЕВА, қалалық прокуратура жанынан құрылған жасөспірімдер арасында суицидтің алдын-алу және ескерту жөніндегі жұмылдыру тобының мүшесі.

Комментарии закрыты.