Берекелі, мерекелі жəрмеңке

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ғ.Мұхамбетовтың бекіткен кестесіне сәйкес Ұлытау ауданы қазанның 22,29 және қарашаның 5 күндері Сәтбаев қаласында «Ауылбереке» жәрмеңкесін өткізуге тиіс болатын. Осыған орай, өткен сенбіде ұлытаулықтар келіп, құрт-майымен жәрмеңкені жарқыратып, ән-күйімен сәтбаевтықтарды жадыратып кетті.

Шеңбер, Терісаққан, Егінді, Алғабас, Қаракеңгір, Жангелді, Қоскөл шаруа қожалықтарынан жәрмеңкеге барлығы 2 тонна ет, 1 тонна сүт және сүт өнімдері шығарылды. Қала тұрғындары ауылдың таза тағамдарын алып, мәресәре болып қалды.

Қарақұмға қарасты «Қоскөл» селолық округінің әкімі Хамзат Жаналиннің (суретте) айтуынша шаруа қожалықтарының күшімен бұл жәрмеңкеге 170 кг сиыр еті, 75 кг қой етімен қоса құрт, май, сүт, ірімшікті молынан әкеліпті. Қаланың «самопал» майын 1100 теңгеден алып жүрген тұрғындар қолдың таза майын 1100 теңгеден талап алып кетті.

– Жердің алыстығына қарамастан жылдағы дәстүрмен тағы келіп қалдық. Бұл жолы 16 бас қой, 150 кг ірі қара етін, 31 кг сары май, қаймақ, ірімшік, ашыған көже, қуырылған бидайға дейін әкелдік, – дейді Шеңбер ауылының әкімі Азамат Халықов.

«Ауыл – береке» деседегендей. Ауыл адамдарының пейілдері кең, қолдары ашық. Базар бағасынан 5-10 пайыз түсіріп, саудаға келісіп жатқандарын да көрдік. Әкелгендерін өткізіп, орнына көкөністерін алып ауылдықтар да риза. Жәрмеңкеге келушілер «Жезді жұлдыздары» ансамблінің, ұлытаулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.