Облысқа жолдама алды

Өткен жұмада №15 жалпы білім беретін орта мектептің мәжіліс залында Сәтбаев қалалық сотының қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған байқау өтті. Өнер бәйгесіне Сәтбаев қалалық сотының судьялары С.Исабаев, Г.Байгенжинова, М.Естепбергенова төрелік етті.

Байқауға қатысқан бес сайыскер өз өнерлерін көрсеткен соң, қазылар алқасы сайыстың қорытындысын шығарды. «Тәуелсіздік» жырын патриоттық сезіммен орындаған қалалық соттың бас маманы Әсем Төрежанова І орынды жеңіп алды. ІІ орынды ұлттық би «Қара жорғаны» орындаған соттың бас мамандары Салтанат Бұхарова мен Нұржанат Әбдірәсіл иеленсе, Абайдың он төртінші қара сөзін мәнерлеп оқып шыққан Айжан Жәуенова ІІІ орынды иеленді. Ал, Бағдат Ахметов пен Азамат Болатов байқауда белсенділік танытқандары үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Бұл шығармашылық байқауда жеңімпаз атанған Әсем Төрежанова Қарағанды облысы бойынша өтетін байқауға жолдама алды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.