Шахмат жарысында – ардагерлер

Қаламызда «Қазақмыс» корпорациясының Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен шахмат турнирі өтті. Спорттық сайыс Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Жақсымбек Үншібаевтың құрметіне арналды.

Турнир басталмай тұра, ардагерлердің қатысуымен арнайы жиын өткізілді. Онда бірқатар азаматтар Ж.Үншібаевтың өмірбаянына тоқталып, өлшеусіз еңбегін сөз қылды. Жылы естеліктер айтты. «Қазақмыс» корпорациясының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров болса, ардақты тұлғаның есімін асқақтату бойынша ұсыныстарын жеткізді.
– Жақсымбек аға Үншібаевтай арда азаматты еске алуымыз өте заңды. Жылда батырдың құрметіне түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі сайысты да соның айғағы деп білеміз. Бірақ, азаматтығы бөлек Жақсымбек ағаның есімін қалай асқақтатсақ та жарасымды болар еді. Қалада батыр атындағы көше бар, енді Жезқазған қаласында да бір көшеге есімін берсек, артық болмас еді, Сәтбаевта кішігірім бюст ескерткішін орнату туралы ұсынысым да бар. Бұған сіз бен біз біріге жұмыс жасауымыз керек, – деді Төлеген Бүкіров.
Жиыннан соң ардагерлер ойын алаңына жайғасты. Барлығы 9 қатысушы өзара бақ сынап, үздіктер алға суырылды. 1 орынды Александр Бабин жеңіп алды. 2 орынға Бақыт Дәрімбетов лайық деп танылса, үкілеген үшіншіден Төлеубай Сәдуақасов көрінді. Жарыс жеңімпаздарына құнды сыйлықтар табысталды.

Комментарии закрыты.