«Туризм мен құрылыс – егіз ұғым»

Киелі Ұлытаудағы құйқалы жердің бірі – Көкмайса демалыс орны. Шөбі шүйгін, суы бал мекеннің аймағымызда туризмді өрістететін мүмкіндігі мол. Таяуда Ұлытау ауданына барған сапарымызда жаңадан жұмысын бастаған демалыс орнының директоры Мұхамбетрахым Пәуеденұлымен сұхбаттасқан едік.

– Мұхамбетрахым Пәуе­ден­­ұлы, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қуанып отырмыз. Әңгімемізді осы игілікті істің негізі қашан, қалай қаланғанынан бастасақ?
– Мен – Жезді ауылының тумасымын. Кейіннен Ұлытау ауданының Аманкелді ауылына қоныс аударып, сол жерде мектеп бітіріп, Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Жетпісінші жылдардың аяғында Қарағанды политехникалық интитутының азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықтым. Еңбекке араластым. Тоқсаныншы жылдары нарықтық дағдарыста совхоз ыдырап, жеке шаруа қожалықтары құрылды емес пе. Осы тұста Кененбай тоғанының қасынан бес жүз гектар жер алдым. Бірінші қыстақ, қора-жай салдық. Шаруашылық ашып, жұмыс бастадық. Егін, мал шаруашылығы, балық аулаумен айналысып, бау-бақша өсірдік. Сол кезден бастап осы жерді демалыс орнына айналдырсам деген ой мазалап жүретін.
– Сізді туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім жігерлендірсе керек.
– Қазақтың қай жерін алып қарасаңыз да сиқырлы сұлулығымен көз тартады. Біздің ауылдың да кереметтері жетерлік. Мәселен, мына Кененбай тоғаны, қызылды-жасылды гүлге оранған жайлаудың табиғаты тамсандырмай қоймайды. Қасиетті қарт Ұлытаудың қазақ хандығының көне астанасы екендігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы намысқа тиеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы келте пікірменен аталып өтті. Негізі одан әріде жатыр ғой. Ұлытау тарихқа өте бай. Кешегі Алаша хан, Жошы хан ұлысының дәуірлеуіне себепші болған мекен. Біз осы тарихты көпшілікке, алыс-жақын шет елдерге таныстыруымыз керек. Оған осы туризм көмекші болмақ.
Көкмайса Ұлытаудағы туризмнің нағыз орталығы болып есептеледі. Кешегі жолы «Жезкиік» фестиваліне келген шетелдік елуге жуық туроператорларды Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен өз есебімізден күтіп жібердік. Ол кісілер туристердің келіп тоқтайтын ортасы осы Көкмайса болуға әдбен лайықты деген пікір қалдырды. Өйткені, бұл жерді Ноғай би мен Алтын орданың ханы Тоқтамыс жатқан Едіге тауы, Әулие тау, Әмір Темірдің Алтын орданың ханы Тоқтамысты шабуға 1391 жылы жорыққа шығып бара жатып екі жүз мың әскермен тоқтап белгі жазу қалдырған Алтыншоқы, қазақ хандарының ұлықтау рәсімін өткізген Хан ордасы, ғалым Әлкей Марғұлан 1974 жылы зерттеу жүргізген Айбас дарасы, Ақсақ Темірдің жаралы аяғын емдеген Ағатай тұзы айнала орналасқан. Құт дарыған мекеннің әсемдігін, баға жетпес байлығын, шұрайы мен шырайын таныту мақсатында осы істі ашуды ұйғардық. Қажетті қаржы табыла кетті. Шаруашылыққа шырай кіргізбек мақсатта қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы он жеті миллион алты жүз мың теңге несиені жылдық алты пайызбен алып, іске кірістік.
– Бұл саланың мол тәжірибені қажет етері сөзсіз. Ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде ұстау үшін қандай қарекет жасаған жөн деп ойлайсыз?
– Биыл мамыр айында «Көкмайса» этнофестивалін өткіздік. Сол шара аясында он сегіз орындық қонақ үйі салтанатты түрде ашылды. Одан бөлек электр желісін тартуды қамтамасыз еттік. Осы жерден үш жүз метр жердегі электр бағанына жер асты кабелімен қосуға тура келді. Өз күшімізбен ауыз су қаздырып шығарып, кәріз құбырын орнатып, орталықтандырып, бір жүйеге келтірдік.
Қазіргі уақытта су қоймасы қолдан жасалғандықтан, жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Жиырма алты жыл Кененбай тоғаны иесіз нысандардың қатарында болды. Қаржаубай Төлепберген, Әмір Тоқаев деген құрылыс саласының майталмандарымен бірлесіп облыс басшыларына шықтық. Өтінішіміз жерде қалмады. Биылдан бастап Ұлытау ауданы әкімдігінің балансына берілді. Осыдан қырық жыл бұрын Аманкелді совхозының директоры Айтбек Бекетаев деген азаматтың басшылығымен салынған болатын. Ал, 2004 жылы қауіпті жағдайға келгенде «Қазақмыс» корпорациясында басшылық қызметте болған Борис Юн деген азаматтың көмегімен қайта құрылымдаудан өткіздік. Одан бері он төрт жыл өтті.
Осы маңда көкөніс қоймасы бар. Биыл жылыжайға қияр ектік. Шамалы малдан қымыз өндіріп, судан балық аулап, қонақтарды таза табиғи өніммен қамтамасыз етудеміз. Сонымен қатар, ат спортымен айналысатындарға жалға берілетін аттар бар. Шағын моторлы қайықпен серуендеуге болады.
– Құрылыс саласының дамуына қаншалықты үлес қостыңыз?
– Қиын уақыттар болды. Құрылыс тоқтап, ауылда мал шаруашылығымен айналыстым. Екі мыңыншы жылы қалаға көшуге мәжбүр болдық. Сол кезде құрылысқа бет бұрдым. Екінші категориялы құрылыс жұмысын жүргізетін лицензияға ие жеке кәсіпорын он екі жыл бойы жұмыс істеп келеді. Көкмайса демалыс орнының архитектурасын өзім жасадым. Ойымдағыдай етіп салдырдым.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүкіл әулет мүшелерінің осы істің басы-қасында жүргендігін байқап қалдық.
– Іссапармен шығу, келісімдер жүргізу, қала мен даланың ортасында жүру, көздеген мақсатқа қол жеткізе білу оңай емес. Осы міндетті енді қалай атқарар екенбіз деп уайымдап едім, балалар ұйымшылдықпен дөңгелетіп алып кетті. Республикалық деңгейдегі жастар форумын өткізуге мүмкіндік алғанымызды мақтанышпен айта аламын. Бүгінде мені кадр тапшылығы қинайды. Он бес шақты адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қазір балаларым көмектесуде. Басты қолдаушым – зайыбым Гүлшайра Бітімбаева. Ардақты ана, ұлағатты ұстаз. Өмірбақи педагогика саласында еңбек етті. Қызым Өміргүл – мұғалім, ұлдарым – Нұрым, Қалкен, Нұридден, келіндерім жанымда кәсіпкерлікті дамытуға атсалысуда. Өзім әулеттің үлкенімін. Сегіз ағайындымыз. Әкем Пәуеден, шешем Әнипа бізді тек жақсы адам болуға тәрбиеледі. Осы жұмысымды көріп, батасын беріп кетті. Солардан тараған ұрпаққа қамқорлық танытып, жол көрсетіп жүрген жайымыз бар. Оларға «Бәсекелестік бизнестің дамуына оң әсер етеді, ізденуден жалықпаңдар» деп айтып отырамын.
– Қазіргі уақытта келушілер қатарының әлі толық қалыптаса алмай жатқандығына жол сапасының да қатысы болса керек.
– Иә, туризм мен құрылыс – егіз ұғым. Елді таныту үшін туризмді дамыту қажет. Ал, құрылысы ақсаған жерге саяхаттауға ешкім онша ыңғай танытпасы анық. Келушілерді жол сапасы да шаршатады. Бұл мәселе жылда айтылғанымен, өзгеріс жоқ. Дамыған елдердің туристерін шошытатыны анық. Осы жолдың кесірінен демалыс орнының ерекшеліктеріне қызығушылық жойылып, естен шықпаса екен деп тілейміз. Бізде халқымызға тән «барымен базар» деген тәубешілік қалыптасқан. Келген қонақтар кері әсер алып қайтпаса деп көңіліміз күпті болып жүреді. Инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, бес шақырым көтерме жол салынса туристер қарасы көбейеді. Ауылдағы фермерлер де қарап жатпай, өз өнімін ұсынып, сауда-саттықпен айналысар еді. Бұл жерде бір адамның емес, елдің мүддесі тұр. Келесі жылы бұйырса Хан ордасына дейін жол төселеді деген жоспар бар. Одан кейін бізге қарай тас жолдың табаны тартылмақ. Осындай істердің жүзеге асуына, далада тіршіліктің оянуына ұйытқы болғанымызға қуанамыз. Марқайып қаламыз.
– Сізді елдің адамы ретінде не толғандырады?
– Негізгі мақсатым – туризмді дамыту. Осы жерде жалғыз мен ғана емес, басқа да азаматтар өз ісін дөңгелетсе, сол арқылы кәсібінен нәсібін айырса, елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы жақсара түссе, мәдениеті көтерілсе деген ниетім бар. Маңыздысы, тарихымызды әлем білсе, біз куәгер болып жатсақ мақсатқа жеткеніміз. Сосын мынау жалқау ауылдастарымыз оянып, лайықты еңбек жасауға ұмтылса жанымыздан орын табылар еді.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Еңбегіңіз жана берсін.

Мейрамгүл Алпысбай.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.