Қазақ өндірісінің қарашаңырағы

Биыл Қарсақбай өндірісінің іргесі қаланғанына 105, ал, Қарсақбай мыс зауытынан алғашқы мыс балқымасының алынғанына 19 қазанда 90 жыл толады. Айтулы мерейтой қарсаңында қазақ мысының қарашаңырағы атанған Қарсақбайға атбасын бұрып, байырғы металлургтермен жүздесіп, майталман мамандарды әңгімеге тартудың сәті түсті.

Мыс өндіру тарихы

Өлкемізде ерте дәуірден басталған мыс өндіру тарихына үңілер болсақ, Қарсақбай өндірісі ХХ ғасырдың басынан бастау алады. «Атбасар мыс кендері акционерлік қоғамы» инженер Перкинстің жобасы бойынша 1912 жылы мыс зауытын салу туралы шешім шығарды. Аталмыш жоба бойынша Қарсақбайда зауыт салынып, Байқоңыр көмірі отынға пайдаланылып, Жезқазғанмен байланыстыратын тар табанды теміржол салынатын болды. Фабрика мен зауыт құрылысы 1913 жылы 27 сәуірден қолға алынды. Ал, Жезқазған жерінде өндірістік негізде кен өндіру 1928 жылы басталғаны белгілі.

– Қарсақбай мыс зауытын отыз үш жыл басқарған Қадыр Мәткенов пен ТМД елдерінде теңдесі жоқ тау-кен ісінің тарихи мұражайын ұйымдастырушы Мәкен Төрегелдин, кешегі Қарсақбай өндірісінің қайнаған ортасында еңбек еткен Аймағанбет Битенов, Сияр Төребеков, Оразалы Мейрамов, Қойшыбек Доспанов, Жұмабек Айтмұқанов сынды ардагер металлургтер біздің ғана емес, еліміздің, тұтас бір қазақ ұлтының мақтанышы, – деген Қарсақбай металлургия зауытының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Әбдіхалық Азнабай өндірісі дүрілдеген Қарсақбайдың қарқынды кезеңін қамтыған деректермен таныстырды. Түстіметаллургия қарашаңырағының тарихынан сыр шертті. Мәселен, 1929 жылы кен байыту фабрикасы салынса, 1940 жылы Қарсақбай су қоймасы іске қосылды. Ал, 1942 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінен жылына 20 мың минаның корпусын құю туралы өте құпия тапсырма келіп, қарсақбайлықтар бұл міндетті жеті айда 32 мың мина құйып орындады. Сирек металдың атасы — рений алу да алғашқыда Қарсақбайда басталып, жылына сегіз келі сирек металл өндірілді. Жиырмасыншы жылдардың соңында ғылыми-зерттеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Бірінші бесжылдықта 145000 сом қаржы жұмсалып, Кеңес Одағында тұңғыш рет мыс кенін флотациялау, шарпу пешінде флотацияланған концентратты қорыту, тотыққан, аралас мыс кенін байыту технологиясы өмірге келді. Шикізат өңдеу технологиясын жетілдіру – ішкі өндірістік құрылымдарды қайта құруды, техникалар мен жабдықтарды жаңалыққа қарсы өзгертіп отыруды, жаңа қуатта жабдықтар ойлап табуды қажет етті. Зауыт алғаш іске қосылған жылдары жобалық қуаты 6 есеге дейін артты. Мұның барлығы инженер-техник қызметкерлердің біліктілігі, жаңалыққа ұмтылысы, жақсы жүйеге қойылған өнертапқыштық қозғалыстың арқасында мүмкін болды. Егер бұл тамаша өндірістік жаңалықтар өмірге келмесе, өлке индустриясында дәл бүгінгідей өркендеу, Жезқазған мысының әлем мойындаған сапаға жетуі мүмкін болмас еді.

Кент келбеті

Қ.Сәтбаев атындағы мұражайдан сәл төменірек қазіргі зауыттың кеңсесі орналасқан. Талай тарихқа куә бұл үй бұрыннан «Белденнің қызыл үйі» деп аталып кеткен. Революцияға дейін өндіріс орнын ағылшындар иеленіп, ағылшынның концессионері Бульденді жергілікті халық «Белден» деп атап кеткен. Бұл үй кеңестік зауыттың қайта тууы, Жезқазған геология басқармасының келуі секілді дүрілдеген дәуірлерге куә.
Дөң басынан қарағанда Қарсақбай кенті алақандағыдай түгел көрініп, ақын Болман, Қ.Сәтбаев, Қ.Мәткенов атындағы негізгі үш көше айқын аңғарылады. Дөңдер арасындағы қойнауда су аңғары бар. Аңғарды қуалай салынған үйлер көзге шалынады. Одан сәл биікте қызыл жартас жон бар. Дәл соның үстінде металлургия зауыты орналасқан.
1972 жылы Жезқазғанда алып мыс қорыту зауытының іске қосылуына байланысты Қарсақбай зауыты жұмысын тоқтатты. Сол уақытта тұрғындарды «алдағы күніміз не болады?» деген сұрақ мазалады. Перзенттік парызын адал орындаған зауыт директоры Қадыр Мәткенов тығырықтан жол тауып, кәсіпорын мұржасынан түтін үзілмеуіне зор еңбек сіңірді. Сөйтіп, мыс зауыты металлургия зауытына айналып шыға келді. Металлургиялық шлакты қайыра өңдеп, одан құрылыс материалдарын алу жолға қойылды. 1986 жылға дейін жаңа зауыт құрылысы салынып, толықтай іске қосылды. Қазір Қарсақбай металлургиялық зауыты «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС алдыңғы лектегі құрылымдық бөлімшелері қатарында. Тапсырыспен сексенге жуық шойын бөлшектері жасалады. Өндірістік жылу қазандығы, экскаватор-бульдозер шаруашылығы, техникалық жабдықтау, электрмен қамтамасыз ету, автомат телефон жүйесі, жүк базасы, су тазарту, тұрғын үй шаруашылығы, сумен, жылумен қамтамасыз ететін қосалқы бөлімдер жұмыс істейді. 2010 жылы зауыт «жүрегі» болып табылатын құю-механикалық цехы жаңадан салынып, күрделі жөндеу жүргізілді.
Бұрындары жиырма мыңға жуық тұрғыны болған кент халқы он сегіз мыңға азайған. Десек те, заман өзгергенмен, Қарсақбай халқының пейілі сол күйі тәрізді. Шетінен ақкөңіл, қонақжай, қанағатшыл, барына разы. Бұрын тек Үкіметке алақан жайып үйренген тұрғындар қазір сол әдетінен жаңылған. Мал өсіріп, бау-бақша егіп, кәсіпкерлікпен айналысып, өз бетінше күн көруде.
Бұған қоса тұрғындардың әлеуметтік жағдайы зауыт басшылығының назарында. Мал азығы, жем-шөп, отын-су дайындалып, ауыз су мәселесі шешімін тапты. 2013 жылы елу жылдан бері әбден тозығы жеткен 18 шақырымдық су құбыры жаңартылды.

Еңбек көрігін қыздырған

Кәсіпорында еңбек көрігін қыздырған қарсақбайлықтар өндірістік көрсеткішке жетіп, жұмыс жоспарын уақытында орындауда. Оны сөз барысында құю-механикалық учаскесінің бастығы Ғабит Ермағанбетовтің әңгімесінен байқадық. Зияда Байғорин, Оразай Жанәділов, Азамат Төкенов, Мақсұтбек Тілемісов, Дархан Қожахметов, Сәлімжан Нұрмұханбетов, Асыл Аңсағаев, Бейбіт Жабагенов, Мұрат Мұқанов, Сәрсенбек Тоқсанбаев, Серік Қазкенов, Досбол Әнуарбек сынды майталмандардан құралған учаскеде қауіпсіздік техникасы мен тәртіпке ерекше көңіл бөлінеді.
– Өткен жылы жоспар бойынша 430 тонна шойын құюымыз керек болған. Бұл жоспар 432 тоннаға артығымен орындалды. Металл өңдеу бойынша жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жеттік. Ал, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 180 тонна шойын құйылып, өңделіп, тапсырыс берушілерге жөнелтілді. Алда жылдық жоспарды орындайтынымызға мүмкіндік мол. Бүгінгі күні торқалы тойға дайындалып, зауыт маңайын тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізудеміз, – деді ол.
Бұл күні үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Бексұлтан Мамбетовпен танысудың сәті түсті. Жиырма жыл бойы қалыптаушы ретінде тер төккен оның жолын бүгінде ұлы Әділхан жалғастыруда. Жеті бала, алты немере өсіріп отырған майталман маманның өндірісте болашақтың барына сенімі мол.
Рахат Төребаев – төртінші санатты тәжірибелі жонушылардың бірі. Отыз жыл бір жерде еңбек еткен ол кезінде Серік Аманқұловтың мектебінде шыңдалды. Ауылдағы кәсіптік училищеде білім алып, жүргізуші, слесарь секілді бірнеше мамандықты қоса меңгерді. Шәкірттерінің арасында Жанкелді Әлиақпаров өз ісінің шеберіне айналған. Бала кезінен өндірісші болуды көздеген ол – үшінші санатты жонушы. Ендігі мақсаты – жоғары білім алу.
– Өндірісте болашақ бар. Сондықтан, жастар көптеп келеді. Жоғары білім, жарытымды жалақы алып, қызметтік өсуге мүмкіндік мол, – деген пікірде бос уақытын спорт пен кітап оқуға арнайтын Ж.Әлиақпаров. Біз оған сәттілік тілеп қоштастық.

Тағдырын Қарсақбайға байлағандар

Алғашқы мысты алуға үлес қосқан майталман металлургтердің көбі Қарсақбайдан шыққан. Соғыс жылдарында қабырғасы қатпай жатып ауыр еңбекке араласып, мыс зауытында жұмыс істеп, ел еңсесінің көтерілуіне атсалысты. Қазір олардың жолын балалары мен немерелері жалғастырып, кәсіпорын тынысының тоқтап қалмауы жолында тер төгуде. Бір сөзбен айтқанда, түстіметаллургияның қара шаңырағы атанған Қарсақбайдың отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған да осы ардагерлердің ұрпақтары. Қарсақбай жерінің қойнауы қазынаға, үсті сол қазынаны ел игілігіне айналдырған металлургтерге толы.
Еңбек ардагері Сыздық Телбаевтың еңбек жолы 1949 жылы он алты жасында басталды. Кран машинисі ретінде ұзақ жылдар еңбек етті. Әкесі Әдбі осы зауытта мыс жинақтаушы болып жұмыс істеген. Сыздық ата зайыбы Бибіғали екеуі ұлын – ұяға, қызын қияға қондырды. Жеті немере сүйіп, олардың қызығына бөленіп, сексеннің сеңгіріне шыққан уақытында дүниеден озды. Бүгінде қарт металлургтің жолын баласы Шүкір жалғастыруда.
Ал, байырғы байытушы Тұрысбек Мұқанов еңбек жолын 1954 жылы Қарсақбай байыту фабрикасында слесарь болып бастап, ұнтақтау цехында 1975 жылға дейін еңбек етті. Сейіт Жанділдинов, Шайман Еділбаев, Қадыр Мәткенов, Науан Мұқабаев, Төлеш Ермағанбетов сынды білікті инженерлерден тәлім алды. Бригадир болған тұста ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, әріптестері арасында сый мен құрметке бөленді. 1972 жылы Сібірдегі Никель комбинатында тәжірибе жинақтау жұмысына қатысты. Кейіннен байыту фабрикасы тараған тұста зауыт жанынан ашылған тәжірибелік алаңға ауысты. Жастайынан ауыр еңбекке төселіп, от пен жалынның ортасында еңбек жолын жалғастырып, зейнеткерлікке шыққанша шлак балқытты.
– Ол кезде барлық жұмыс қолмен атқарылды. Қиындыққа шыдап, қатардан қалмай партияға өтіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Еңбек ақталды. Өткенге өкпем жоқ. Қарсақбайдың қазіргі жағдайы жаман емес. Мұрат Мәткенов балам зауыттың ырғақты жұмысын тоқтатпай, халыққа нан жегізіп отыр, –дейді қарт металлург.
Қырық жыл өндірісте тер төгіп, балаларының ортасында шалқып отырған Тұрысбек ақсақалдың кеудесінде үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Әке жолын бүгінде баласы Мұрат Мұқанов жалғастыруда.
Мұнан соң біз Владимир мен Ирина Миллерлердің шаңырағына атбасын бұрдық. Кезінде комсомолдық жолдамамен Жезқазған байыту фабрикасының құрылысына қатысуға келген украин қызы тағдырдың жазуымен Қарсақбайдан бірақ шығады. Бұл 1961 жылдың тамызы болатын. Еңбек жолын мыс зауытындағы теміржол цехында бригадир болып бастап, ауысым шебері ретінде жалғастырған Ирина 1975 жылы құрылыс-монтаждау учаскесіне ауысады.
– Еңбек ұжымымен бірден араласып кеттім. Күйеуіммен осы жерде таныстым. Оның Отан алдындағы борышын өтеп келген кезі болатын. Тепловоз жүргізушісі болып жұмысқа орналасты. Осылайша шаңырақ көтеріп, жеті бала өсірдік. Андрей мен Владимир зауытта еңбек етеді. Олардан күн сайын зауыттың тыныс-тіршілігі туралы сұрап отырамыз. Жабылып қалады ма деп те қорқамыз. Кәсіпорынның тынысы тарылса ауылдан мән кетпек. Ол біздің үмітіміз іспетті. Қарсақбай зауыты бізге өте ыстық әрі қадірлі. Басқа жаққа қозғалатын ойымыз жоқ. Ондай күн туа қалса соңғы қазақ көшкеннен кейін ғана барып қозғалуымыз мүмкін, – дейді олар ағынан ақтарылып. Миллерлер әулетінің басында тұрған Владимир Андреевич – Жаңаарқаның тумасы. Кезінде тағдыр тәлкегімен біздің елге келген неміс ұлты өкілдерінің бірі болса керек. Қос қария құрметті еңбек демалысына шықса да қарап отырмай, үй айналасын бау-бақшаға айналдырған.
Еңбек ардагері Қазбай Биназаров алғашқы еңбек жолын 1953 жылы теміржол учаскесінде бас кондуктор болып бастап, мыс зауытында балқытушы ретінде жалғастырды. Өмірлік жары, марқұм Зылиха апаймен он бала тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінде он алты немереден төрт шөбере сүйіп, үлкен әулетке айналған. Қазбай ата – «Еңбектегі ерлігі үшін» төсбелгісінің иегері, Құрметті металлург.
Байқағанымыз, Қарсақбай, Қаныш пен Қадыр бірігіп егіз ұғымға айналған бұл күнде. Бір бірінсіз айтылмайды. «Қарсақбай аталғанда Қаныш есімі еске түседі. Бұл жерде қазақ ұлы өзінің даңқты сапарын бастады. Қарсақбайға келген үш жылдың ішінде ол Жезқазғанның болашақ мыс қоры кем дегенде 1 миллион тоннадан астам екендігін дәлелдеді. Ал, Қадырдың жаны да жүрегі де Қарсақбаймен бірге болды. «Мен тұрғанда зауыт жұмысы тоқтамайды, болашақта да тоқталмақ емес» деп жиі айтатын. Қазір жолын ұлы Мұрат абыроймен жалғастыруда. Атаға қарап ұл өсер деген осы да», дейді көне көздер. Осылайша қарт Қарсақбай ірі тұлғаларға бесік болған мекен.
Қарсақбай атауы хақындағы аңыз-әңгімелер жетерлік. Соның біразын осы қарт металлургтердің аузынан естіп, көңілімізге тоқып алдық. Мәселен, Қарсақбай бабамыз Бағаналы Найман руының Қожас-Ибескі атасынан тараған адам. Шамамен 1831 жылы дүниеге келген Қарсақбай 1888 жылы Меккеге қажылыққа барып келе жатқан сапарында ауырып қайтыс болып, денесі теңізге тасталған (қара теңіз) деген сөз бар. Негізгі бұл жерді бұрын Ибескінің Аманғұл деген баласының ұрпақтары мекендеген. Кейіннен өзара келісіммен Қарсақбайдың иеленуіне берілген. Осылайша, ағылшын капиталистерінің мыс қорыту зауытын салу үшін жасаған таңдауы Қарсақбай атының тарихта қалуына жол ашты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.