Академиктің асқақ мүсіні облыс орталығында орнатылды

Қарағанды қаласында ғұлама ғалым, академик, Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды. Қаныш ағаның тұлғасы облыс орталығының тоқсан жолды тоғыстырған теміржол вокзалының қарсы алдында, Бұқар жырау даңғылы бастау алатын жерде бой көтерді.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына Сәтбаев есімін иеленіп отырған кеншілер қаласынан қала әкімі Бауыржан Шыңғысов, Социалистік еңбек ері, ардагер кенші Демберген Баймағамбетов, қалалық мәслихаттың депутаты, аймағымызға танымал дәрігер Серік Орал қатысып қайтты. Ғалым ескерткішінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Ахметов қарағандылықтар үшін Қанекеңнің есімі айрықша қадірлі екенін атап өтіп: – Облысымызда Сәтбаевтың атында қала бар. Кезінде өзі жобасын жасаған Ертіс-Қарағанды каналы да ғұламаның есімін иеленген. Сондай-ақ, оған ғарыш көгіндегі аспан денесі мен минералдың атауы берілуі Қанекеңнің адамзат үшін қаншалықты қадірлі екенін айғақтайды, – деді.

«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай геология ғылымының негізін салушы ғалымның ерен еңбегі арқасында Орталық Қазақстанда тау-кен кәсіпорындары салынып, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен басқа да елді мекендер бой көтергенін атап өтті.

Салтанатта Жезқазған өңірі тұрғындары атынан ардагер қаламгер Сағындық Қожамсейітов, ғұлама ғалым ұрпақтары атынан Қанекеңнің Қаниса есімді қызынан туған жиені Әлима Жармағамбетова ескерткішті тұрғызуға қатысушылардың бәріне алғыс айтты. Ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов осы елеулі оқиғаға арналған өлеңін оқыды.

Ғалым мүсінінің тұсаукесер рәсіміне ғалымдар, ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары, Сәтбаевтың туған-туыстары, қарағандылықтар мен қала қонақтары қатысты.

Ескерткіш облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде бөлінген қаржы есебінен тұрғызылды. Бүгінде тұғыры қызыл гранитпен қапталған жалпы биіктігі 14 метр асқақ ескерткіш композициясы облыс орталығының көпшілік жүретін басты көшесіне сән беріп тұр.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.