Көше тазалығы – көпке абырой

Тазалық – денсаулық кепілі. Деннің саулығы – тұтас халықтың саулығы. Әлбетте, айтылған «қанатты сөзді» қиюын келтіргенде ғана қолдана салатынымыз бар. Алайда, іске келгенде қаперімізге алмайтын болдық. Көшенің тазалығына атүсті қарағаннан жағалай тау-тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтан көз ашу мүмкін болмай тұр. Аталған мәселенің мән-жайын білу үшін қаланың Қоғамдық кеңесі арнайы тексеру рейдін ұйымдастырды.

Рейдтің басты мақсаты – тұрғындарға қаланың санитарлық тазалығын сақтауды, күл-қоқысты белгіленген жерге төгуді, дүкен иелері мен дүкенді жалға алушыларға ғимарат маңайын таза ұстамаған жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылатындығын ескерту және қоршаған ортаға зиян тигізетін заттар мен тұрмыстық техникаларды арықтарға тастамау қажеттігін түсіндіру.
Санитарлық тазалықты бақылауға Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге, ТҮКШ бөлімі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Сәт-Тазалық» ЖШС мамандары мен құқық қорғау органдары және төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары шықты. Алғашқы көзделген нысан – Ерден көшесінің бойы. Мұндағы қолқаны қапқан қолаңса иістен жергілікті тұрғындардың өздері мезі болғандарын айтады. Бірнеше жылдан бері мұнда қоқыс жәшіктері алынып тасталған. Десе де, жұртшылық тұрмыс қалдықтарын әлі де осы аумаққа төгуде. Аталған жағдай бойынша рейд қатысушылары бейнекамера орнату туралы ұсыныстарын жеткізіп, құқық бұзушыларға қатысты заң алдында жауапкершілік барын ескертті.
Бұлқышев-Асатов көшелері қиылысындағы көрініс те көңілге кірбің ұялатады. Үйілген қоқыс көшенің көркін қашырған. Рейдке қатысушылар мұнда да бейнекамера орнату маңыздылығын айтты.
– Аталған жағдайлар бойынша қала әкіміне хат жазылады. Бұл жағдайдың барлығы тұрғындардың өздерінен туындап отырғаны мәлім. Белгіленбеген жерге күл-қоқыс тастап, маңайын ластауға бейім болып тұр. Әрине, мұның барлығына заңмен белгіленген жазалар бар. Сондықтан, тұрғындардан өтінеріміз, қалдықты тек қоқыс жәшігіне салғаны дұрыс. Әйтпесе, бейнекамераға түсіп, құқық қорғау органдарына барғанын қаламас еді, – дейді Қоғамдық кеңестің мүшесі Асқар Қошанов.
Тексеріс барысында жиналғандар бей-берекетсіздік тазалық сақтамаудан басталатынын жеткізді. Сондықтан, әрбір қала тұрғыны көше тазалығына назар аударғаны ләзім.

Н.ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.