Қарашаңырақтың мұрагері

«Әлеуметтік желіде отырмай, оқу керек. Бұл қазір сәнге айналғанымен, уақыт өте келе ұмытылып кетеді… Кітап пен газет қана – мәңгілік рухани қазына». Бұл – Елбасы пайымы. Президенттің ойын қостаған Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі қалың оқырман да осы орайда бір газетке айрықша адал. Ол – «Сарыарқа» аймақтық газеті. Өңір жұртшылығы күні кеше осы басылымның 45 жылдығын айғайлатып атап өтті.
45 жыл тарих үшін қас қағым ғана сәт болғанымен, сол жылдарда көз майын тауысып, сары майдан қыл суырғандай сөз маржанын тізіп, қалың оқырманға қабырғалы дүниелер ұсынып жүрген журналистер қауымы үшін аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде қалам ұстаған қауымның үш ұрпағы ауысып үлгерді. Сондықтан да бұл басылымның тарихы терең, тағылымы дүйім елдің жадында…

«Шеберлік пен кемелдік иесі»

«Сарыарқа» газетінің 45 жылдығына арналған салтанатты шара осы газеттің шекпенінен шығып, өзінің қомақты дүниелерімен газет, кітап оқырмандарының сүйіктісіне айналған журналист, аудармашы, публицист Марал Хасеннің шығармашылығына арналған «Шеберлік пен кемелдік иесі» деп аталатын кітап көрмесінің таныстырылымымен ашылды. Аудармашының «Нобель сыйлығының лауреаттары» сериясымен жарық көрген кітап көрмесі Жезқазған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханада ұйымдастырылды.
Марал Хасенұлы 1945 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентіне дүние есігін ашқан екен. Еңбек жолын жұмыскерліктен бастап, 1963 жылы екі тілде шығатын аудандық «Жаңа Арқа», «Новая степь» газеттерінде аудармашы, ұзақ жылдар жауапты хатшы қызметін атқарған. Қарағанды облыстық партия комитетіндегі үгіт-насихат бөлімінде баспасөз секторын басқарды.
Жезқазған облыс болып құрылған жылы ашылған облыстық «Жезқазған туы» газетіне қызметке келген Марал Хасен ұзақ жылдар осы басылымда тер төкті. Марал ағамыз журналистиканың барлық саласын дерлік меңгерген публицист, саяси шолушы. Көркем аудармамен айналысқан.
Орайы келгенде айта кетейік, 2009 жылы Астана қаласындағы «Аударма» баспасынан Марал Хасеннің 488 беттен тұратын «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясымен аудармалар жинағы жарық көрсе, 2014 жылы Алматы қаласындағы «Хантәңірі» баспасынан «Мазасыз күндер» кітабы жарық көрген. Кітап 380 беттен тұрады. Бұл жинаққа әр түрлі жанрдағы мақалалар, әңгімелер және әлем әдебиеті өкілдерінің таңдамалы шығармаларының аудармалары еніп отыр. Ал, 2015 жылы Қарағанды қаласында «Tengri Ltd» баспасынан 528 беттен тұратын «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін» атты тәржімалар жинағы жарық көрді. Жинаққа 14 ел қаламгерлерінің шығармалары енген. Айта кету керек, бұл жинақ орыс әдебиетінің классиктері арасынан бірінші болып Нобель сыйлығын алған Иван Буниннің кезінде Ресейде басылмаған, әлі ешкім аудармаған «Зұлматты күндер» деп аталатын күнделігімен ашылып отыр. Сонымен бірге, түркітілдес халықтар арасынан алғаш болып Нобель сыйлығын иеленген Орхан Памуктың еңбегі бар. Түрлі жанрдағы еңбектер енген бұл жинақ қалың оқырманды тәнті ететініне сенімдіміз.
Қаламгердің көзі тірісінде жазып үлгермеген туындысын жары Рымбала Смайлова толықтырып, 2017 жылы Қарағанды қаласында «Tengri Ltd» баспасынан 464 беттен тұратын «Нобель сыйлығының лауреаттары» атты кітаптың ІІ томын жарыққа шығарды. Мақсат – қазақ оқырмандарын Нобель сыйлығына ие болған әлем әдебиетінің классиктерімен таныстыру. Мұнда, «Соғыстың сұрқы әйелге жат», «Мырышқа арналған қыршындар» және   «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» деп аталатын үш шығарма топтастырылған.
Аталмыш кітаптардың таныстырылымына Марал ағамызды көзі көрген, бірге қызметтес болған әріптестері мен ағамыздың жары, шығармашылық өмірінің сыншысы, ақылшысы, қамқоршысы бола білген Рымбала Кенжебайқызы қатысты.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Әсел Бірәліқызы Марал Хасеннің шығармашылық әлемімен таныстырды.
Бұдан соң сөз кезегі қонақтарға беріліп, ардагер журналист Қасым Орынбетов, Қазақстан Республи­касының ақпарат саласының үздігі Амандық Рахұлы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, драматург, аудармашы Кенжебай Ахметов, аудармашының жары, Қарағандыдан арнайы келген мейман Рымбала Кенжебайқызы өз естеліктерімен бөлісті.
Аудармашыға арналған айшықты шараны «Сарыарқа» газетінің Бас редакторы, мерейтой иесі, осы іс-шараның өтуіне мұрындық болып жүрген азамат Дархан Мұхан қорытындылады.

Той жаңа шаңырақта жалғасты

Өзінің 45 жылдық торқалы тойын атап өтіп отырған аймақтық басылым – «Сарыарқа» газеті – соңғы жиырма жылға жуық уақыттан бері баспанасыз жүрді. Елдің бәрін оңдырмаған оңтайландыру заманының салқыны да осы «сарыарқалықтарға» оңбай тиген еді. Бір кездері қарашаңырақ болған ғимарат сол оңтайлану кезінде «орнын» тауып, жекеге сатылып кетті. 1973 жылдан бері Жезқазған-Ұлытау өңірінің жылнамасын жазып жүрген жалғыз басылым өмірдің өр толқынымен жаңқадай жағаға шығып қалды. Қаланың ана бұрышынан мына бұрышына бос ғимарат іздеп кезіп кетті. Сөйтіп жүріп те ақпарат айдынынан қалған жоқ. Желкенін керіп, желге қарсы жүзді. Өз оқырмандарына ойлы сөзін де жеткізіп отырды. Тек осы мерейтой қарсаңында ғана өз алдына жеке шаңыраққа ие болды. Бұл бағытта Жезқазған қаласы әкімдігінің де оң қабақ танытып, қол созып, көмек бергенін айта кету ләзім.
Сонымен, кітапханадан бастау алған мерейтой басылымның жаңа баспанасында жалғасын тапты. Салтанатқа жиналған жұртшылық тайлы-тұяғы қалмай Есенберлин көшесінде орналасқан 63 үйдің ауласына жиналды. Дәл осы жерде «Сарыарқаның» сағынып жеткен жаңа шаңырағы орналасқан. Бұрын емхана болған бес бөлмелі ғимаратты «сарыарқалықтар» ашық электрондық аукцион арқылы сатып алды.
Жаңа баспананың ашылу салтанатына Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов келіп қатысты. Журналист, ақын Ізтөлеу Түсіптің жаңа шаңыраққа арнауынан кейін қала басшысы сөз алып, ақпарат айдынында 45 жыл тоқтаусыз жүзіп келе жатқан «Сарыарқа» газетінің бүгінгі ұжымы мен қарашаңырақтың кешегі иелеріне ыстық ықыласын жеткізді.
– Аймағымыздың айнасы, Жез­қазған өңірінің жылнамасын үздіксіз жазып келе жатқан бүгінгі «Сарыарқа» – кешегі Жезқазған облысының «Жезқазған туы» газетінің заңды мұрагері. Оның уығын шаншып, шаңырағын көтерген аға буын ортамызда отыр. Ең әуелі мен осы ардагер ағаларымызды бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын.
«Сарыарқа» газеті журналистердің аймағымыздағы ұстаханасы. Осы газеттен елге танымал жазушылар, ақындар шықты. Бұлар – орта буын. Ал, олардың ісін бүгінгі кіші буын адал жалғастырып отыр. Сол буынның өкілі, газеттің бас редакторы – Дархан Мұхан.
Дарханның іскерлігіне, заман ағымына бейімділігіне оның бүгінгі атқарып жатқан істері айқын дәлел. Соңғы бір жылдың ішінде ол редакцияға су жаңа автокөлік алудың да жолын таба білді. Жеке баспанаға да ие болды. Осылайша 45 жылдық торқалы тойды тойға жалғады. Ұзағынан болсын. Жаңа ғимаратта заманауи үлгідегі жақсы газет жазыла берсін, – деген ақжарма тілегін жеткізген Қайрат Баяндыұлы әкімдік атынан редакцияға компьютер сыйлады.
Бұдан соң кезек кешегі «Жезқазған туының» журналистері, бүгінгі «Сарыарқаның» тірегі мен тілекшілері сөз алып, ізбасарларына құтты болсын айтып, қамқоршыларға алғыстарын білдірді.
– «Сарыарқа» десе елеңдеп тұрамыз. Жылт еткен жылылық естісек марқайып қаламыз, олқы түскен тұсына мұңаямыз. Сол мұңайтып жүрген, олқы түсіп тұрған тұсы осы баспананың жоқтығы еді. Шүкір, ол күн де келмеске кетті. Басылымның бағы жанып, баспаналы болды. Құтты болсын.
Енді бір олқы түсіп тұрған жер бар. Ол – қалада баспахананың жоқтығы. Осы Ұлытау-Жезқазған аймағында шығып жатқан ұзын саны онға жуық мерзімдік басылымдардың бірі – Қарағандыда, бірі Қызылордада басылады. Мысты шаһардың өз баспаханасы болса, қыруар қаржы сыртқа кетпеген болар еді. Атқа мінген азаматтар осы жағын ескерсе, – деп түйіндеді өз сөзін «Жезқазған туының» тұңғыш жауапты хатшысы, «Сарыарқаның» бас сардарларының бірі Қасым аға Орынбетов.
Ағасының сөзін есімі алты алашқа белгілі ақын, журналист, «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай да қостап, тілегін өзінің жүрекжарды жырымен жалғады:
Жезқазғанның туы да, байрағы да
Рухының айналған қайрағына
Ежелден-ақ елдіктің сөзін айтқан
Орын бермей қайдағы-жайдағыға.

Кеңгір толқып жатқанда тынып кеште,
Бұл Сарыарқа салатын ғұрыпты еске.
…Ұлық көшке ілесіп заманының
Ол да келіп қалыпты қырық беске.

Уақыт кейде секілді долы қатын,
Соны ұғатын кездер көп, торығатын.
… Өзіңменен тұсауым бір кесіліп
Он бесімде жарқ еткем болып ақын.
Керуен көшті,
Сыртта сан заман қалды,
Жолдары да күндердің тарамдалды.
Қарыздармын қыран ғып шыңға
ұшырған –
Жезқазғанның газеті, саған мәңгі!
Ен даланың бұл да бір құралайы,
Тектіліктен жаралған тұла бойы.
…Әр жолында Ерденнің есті сөзі
Әр бетінде Қаныштың ғұлама ойы.

Түлкі заман сан рет бұлаң еткен,
Танбайтын бұл басылым бір әдеттен.
Арманның шырағын жағып беріп
Ұлытаудың ұланын қыран еткен.

Қалықта, ойым, көгімде, ағар таңым,
Сәні болған саңлағым сан ортаның.
Ғұмыр бойы елдіктің сөзін айтар
Құтты болсын бұл тойы Сарыарқаның,
– деп бір төгілтті арқалы ақын
Ыстық ықылас, құттықтаулардан соң кезек ғимараттың лентасын кесуге берілді. Лента қию құрметіне ардагер журналист Аманжол Үсенов және қала әкімі Қайрат Бегімов ие болды.
Бұдан соң тойшыл қауым редакцияның жаңа баспанасын аралап, сүйсіністерін білдіріп, қоныс оң болсын айтты.

«Керуендегі» керемет салтанат

Біз мақаланың басты тақырыбын «Қарашаңырақтың мұрагері» деп алып отырмыз. Неге? Себебі, бүгінгі «Сарыарқа» газеті – кешегі облыстық «Жезқазған туы» газетінің заңды мұрагері. Облыс жабылып, ресми орталық Қарағандыға ауысқанымен облыстық газет қарашаңырақты ұстап осында қалды. Кейін «Сарыарқа» болып аты өзгергенімен, өзінің тарихын 1973 жылы «Жезқазған туы» газетінен алған басылым бүгінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына тарайды. Жезқазған-Ұлытау аймағының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазатын ресми басылым болып қалды. Халықтың сенімді серігіне айналған басылымның көтерген тақырыптары да оқырмандары арасында қызу талқыланып, өз бағасын ала білді.
Басылым қай кезде де халықтың жағында болып келеді, халықтың сөзін сөйлеп, тілі мен ділін, даналыққа негізделген дәстүрін дамытуға күш салудан бас тартқан емес. Тәуелсіздігіміздің тірегі деп білген еліміздің ынтымағы мен бірлігін жалықпай насихаттауда, аймақтағы жылт еткен жақсы жаңалықтар, қарапайым еңбеккердің, қарымды қайраткердің тұлғалы келбеттері басылым бетінен тұрақты көрініс тауып отыр.
Осындай тынымсыз әрі ырғақты жұмыстың арқасында, сондай-ақ қолға алған істі оңтайлы атқара отырып «Сарыарқа» өңірдің жаңа экономикалық, құқықтық және саяси мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.
Тарихын қысқаша тұжырымдасақ осылай болып келетін «Сарыарқа» газеті биыл 45 жасқа толып отыр. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған басылымның шығар биіктері әлі алда. Аға буынның сөзімен айтар болсақ, немерелер тізгінін ұстаған газет өзінің өршілдігімен таныла білуде. Оған бүгінгі бір күнде атқарылған қыруар шаруаның өзі дәлел.
Шынында да, бұл той «Сарыарқаның» тарихындағы өзге тойлардан мүлдем бөлек болды. Тағы да аға буынның сөзіне жүгінсек, «еткен еңбек, төккен тердің ақталған тойы» болды.
Сонымен, «Сарыарқа» газетінің 45 жылдық торқалы тойы «Керуен» дәмханасындағы мерекелік салтанатқа ұласты. Оған кешегі «Жезқазған туы» газетінің журналистері және «Сарыарқа» газетінің саңлақтары мен сардарлары жиналды. Ту Шымкенттен жезқазғандықтарға «Қара Әмір» хикаясымен танымал Аманғали әл Созақи (Аманғали Әбеуов) келді ат арылтып. Алматы мен Астанадан, Қарағанды мен Балқаштан осы басылымның шекпенінен шыққан сен тұр мен атайын дейтін мықты журналистер жиналды. Арқа-жарқа болып қауышып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.
Салтанаттың ресми бөлімін Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөзбен ашып, осы салтанатқа арнайы әзірленген мерейтойлық медалді тапсырды. Оған алғашқы болып газеттің ардагер журналистері ие болды. Медальмен бірге газеттің 45 жылдығына орай жыл бойы жарияланған мақалалардың басын біріктіріп, жинақталған «Ақпарат айдынында» кітабы да қоса табысталды. Мұндай сый-сияпаттан басылымның орта буын өкілдері де құр алақан қалған жоқ.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш кітап Ұлытаудың ұланы Қуат Құрмансейттің «Кәусар» жеке баспасында жарық көрген. Ал, мерекелік медальді шығаруға «Жезқазған туы» және «Сарыарқа» газетінің байырғы журналисті, Сәтбаев қалалық «Вечерний Сатпаев» газетінің бас редакторы, ақын Абдолла Дастанов жетекшілік ететін «Шындық» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасаған.
«Керуендегі» керемет салтанатта «дәри-дай» ақын – Мұқаш Сейтқазы арқалана жыр оқыса, Мұқаш жырау Қожахметов жырдан шашу шашты. Есімі елге танымал әнші Ғалым Мұхамедин әуелете ән салды. Осынысымен де бұл той есте қаларлықтай болды.

Ізтай Белгібайұлы.

 

Комментарии закрыты.