Өркенді іске халықты жұмылдыру – акцияның басты мақсаты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай үстіміздегі жылдың 10 қазанында елімізде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының ұйымдастыруымен жалпыұлттық «Халық дауысы» акциясы басталды Акцияның мақсаты – ел дамуының басты бағыт-бағдарларын айқындау арқылы алда тұрған міндеттерд белгілеу үшін бұқара халықтың да ойпікірін ескеру. Бұл іс-шараның біздің қаламызда қалай жүзеге асырылып жатқандығын білу үшін «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай ДӘРІБАЕВПЕН әңгімелескен едік:

– Дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса отырып, «Нұр Отан» партиясы ел тұрғындарының өтініш-тілегін, ұсынысын жинау мақсатында «Халық дауысы» республикалық акциясын қолға алды. Ол бір уақытта еліміздің барлық аймақтарында басталды. Бұл іс-шараға кез келген сәтбаевтық қатысып, еліміздің дамуына, қаламыздың көркеюіне үлес қосатын ұсыныстары мен өтініш-тілектерін, өздерін толғандыратын мәселелерді, ел болашағы үшін қажет деп санайтын бастамалары мен тұжырымдарын арнайы белгіленген парақшаға толтыра алады. Акция Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға және партиямыздың қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Біздің қаламызда «Халық дауысын» жинау нүктелері «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының ғимаратында, сонымен бірге, қалалық емхана мекемесі мен халыққа қызмет көрсету орталығы сынды қоғамдық маңызы бар орындарда орналасқан. Онда акцияның логотиптері бар ақпараттармен безендірілген және партияның рәміздерімен көрнекіленген дауыс жинауға арналған жәшіктер қойылған.

– Бүгінгі таңда акцияның нәтижелері қандай?

– Қазіргі кезде Сәтбаев қаласы бойынша 1688 адам өздерінің ұсыныстарын білдірді. Белсенділік білдірушілер қатарында зейнеткерлер мен жастар бар. Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдарында 8 жиналыс өткізілді. Алдағы кезекте қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесулері көзделіп отыр.

Ұсыныстарды жинау нәтижесі бойынша партия, қоғамдық пікір алмасудың модераторы болып табылып, келіп түскен ұсыныстар орталық және жергілікті деңгейде пікір-сайыс орталықтарында талқылауға салынады. Акцияда айтылатын ойлар, көтерілген мәселелер міндетті түрде өз шешімін табады.

Акция аяқталғаннан кейін партия ресми қорытынды өткізіп, онда негізгі нәтижелері жарияланады.

Әңгімелескен Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.