Тәуелсіздік тойына тарту

Биылғы жыл тарихта егемендігіміздің жиырма жылдығымен айшықталды. Аталмыш мерейтой азаттықтың мән-мағынасын терең түсінетін әрбір азамат үшін үлкен әрі ерекше қуаныш. Елбасымыздың өзі Жолдауында әрбір қазақстандықты Тәуелсіздіктің торқалы тойын лайықты қарсы алуға шақырған еді. Ырыс-берекесі тасыған кеншілер қаласы егемен еліміздің мерейтойына деген тағы бір тартуын жасады.

Сейсенбі, 26 қазан күні Тәуелсіздік даңғылы бойында жаңа саяжол ашылды. Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана алдынан орын тепкен саяжол бірден қала ажарын ашып жіберді. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл алаң бос, қараусыз құлазып жатқаны бәріміздің есімізде.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы жаңа саяжолдың ашылу салтанатына қалалық мекеме, ұйым басшылары мен ұжымдары, оқушылар мен ұстаздар, қала жұртшылығы қатысты. Салтанатқа, сондай-ақ, қаланың Құрметті азаматтары, Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері, озат кеншілер мен Тәуелсіздіктің құрдастары қадірлі қонақ ретінде шақырылды.

Саяжолдың тұсаукесер рәсімін қала басшысы Б.Шыңғысов құттықтау сөзімен ашты.

– Бүгін біз егемендіктің жиырма жылдық мерейтойына куәгер болып отырмыз. Тарих үшін аз ғана уақыт болып саналатын жиырма жыл ішінде Қазақстан дүйім жұрт танитын келешегі кемел елге айналды. Әлемдік аренада өзінің лайықты орнын тапты. Бұл – барша қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің жемісі, – деп бастады сөзін Бауыржан Қабденұлы. – Мемлекетті нығайтып, әл-ауқатын асыруға сәтбаевтықтар да үлкен үлесін қосуда. Бүгін ашылғалы тұрған саяжол – сәтбаевтықтардың Тәуелсіздік тойына тамаша тартуы болмақ. Осы саяжол қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін, – деді қала әкімі.

Өз кезегінде қаланың жастары, әрі тәуелсіздік құрдастары атынан көпшілікті қуанышты күнмен А.Мұханбетжанов құттықтады.

– Тәуелсіздік – біз, жас ұрпақ үшін қастерлі ұғым. Егемен еліміз бізбен бірге бой түзеді. Қазіргі күні іргесі мықты, тұғыры берік елге айналды. Мемлекетімізбен қатар өсіп келе жатқан біз де бәсекеге қабілетті болып, елге еңбегімізді сіңіруге уәде береміз, – деген Арманның сөзіне замандастары да қосылып, ду қол соқты.

Құттықтаулардан соң жүргізушілер салтанатқа қатысушыларды жаңа саяжол бойына тал отырғызу рәсімін тамашалауға шақырды. Көшет отырғызу құрметіне бұл күні Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері, қаланың Құрметті азаматтары, Тәуелсіздік құрдастары, ардагер кеншілер ие болды. Қаланы көркейтуге, дамытуға сүбелі үлес қосқан Құрметті азаматтармен, озат кеншілермен қатар жастардың да ортақ істе белсенділік танытқаны ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Бұл күні 100 түп жас көшет отырғызылып, саяжол көркіне көрік қоса түсті. Бұрынғы ашық жатқан алаң бүгінде танымастай өзгергені қуантады. Түп-түзу жолдардың бойы тас плиткалармен көмкерілген. Жағалай орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Енді, міне, саяжол жасыл желекке де оранды. Қала ажарын кіргізгенін айтпағанда, көңілді уақыт өткізу мен тынығу үшін барлық жағдай бар. Алдағы уақытта осы еңбек зая кетпей, әрбір қала тұрғыны жас желектерге қамқорлық пен жанашырлық танытуды ұмытпаса екен.

Айнұр ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.