Шылымды тәттіге айырбастады

«Сәтбаев – балаға мейірімді қала» жобасы шеңберінде «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы, жастар мәслихаты және «Жас көшбасшылар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шылым шекпе!» атты қалалық акция өтті.

Бұл игі шараға қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары, технологиялық колледждің, №3 кәсіптік лицейдің ұстаздары мен студенттері белсене қатысты.

«Қазақмыс Спорт» спорттық сауықтыру кешенінің алдында, Қ.Сәтбаев даңғылы бойындағы «Универсам» дүкенінің алдында жастар мәслихатының депутаттары үнпарақтар таратып, шылым шегетіндермен үгіт-насихат жұмысын жүргізді. «Шылымды кәмпитке айырбаста» атты ұранмен өткен акцияның көздеген мақсаты – тұрғындарды, әсіресе, жастарды қоғамға жат қылықтардан аулақ болуға шақыру, шылым шегудің, арақ ішудің денсаулыққа ғана емес, қоғамға да үлкен зиян келтіретінін түсіндіру, көрсету болды.

Шылым шегіп бара жатқан адамдардың темекілерін алып, орнына кәмпит ұстатқан жастарға үлкендер сырттай риза болып қарап тұрды. Сонымен қатар акцияға қатысушылар азық-түлік дүкендерінің кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік сусындарды, темекіні сатуын қадағалап, фактілерді тіркеп отырды.

Алдағы уақытта осы жастардың қатысуымен «Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу» тақырыбында тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіледі. Сауалнама нәтижелері қала әкімдігі жанындағы кәмелет жасқа толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясына жіберілетін болады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.