Ерлан Қошанов: «Білім беруге бөлінген қаражат әлеуметтік шығын емес, инвестиция ретінде қарастырылады»

Қарағандыда Кеншілер мәдениет сарайында жыл сайынғы білім беру саласы мамандарының облыстық тамыз мәслихаты өтті. Биылғы кездесудің тақырыбы: «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» деп аталды. 

Тамыз мәслихатына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Білім және ғылым вице министрі Бибігүл Асылова қатысты. Сонымен қатар «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Қазақ ақпарат коммуникациялары академиясының президенті, халықаралық байланыс академиясының академигі Шахмаран Сеилов, ҚР ҚХА халықаралық «Келісім» құқық және медиация орталығының директоры Гүлмира Нұрбаева құтты қонақ ретінде келді.
Биыл форумға қатысушылар саны артқан. Өткен жылы селекторлық байланысты қоса есептегенде 7 000 адам болса, биыл облыс бойынша мәтіндік онлаин байланыстың арқасында 20 000-нан астам педагог жұмылдырылды.
– Білім беру саласына кететін қаражаттар әлеуметтік шығындар ретінде қарастырылмайды. Ең маңызды, болашағы бар инвестиция ретінде қабылданады. Бүгінде білім – бұл әлеуметтік блок емес, бұл экномиканың бір секторы, – деді өз сөзінде Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жыл сайын білім беру саласына бөлінетін бюджет көлемі артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2018 жылы қаржыландыру 100 млрд теңгені құраса, 2017 жылы 93 млрд болған.
Өңір басшысы мұғалім мәртебесін арттырудың қажеттілігіне де тоқталды. Бұл ретте материалдық мәселе маңызды рөл атқаратынын айтты. Қазір жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істейтін, пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін ұстаздар ғана қосымша ақы алады.
Форум үздік ұстаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды. Таңдаулыларға «Қарағанды облысының білім беру саласына ерекше үлес қосқаны үшін» төсбелгісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

Комментарии закрыты.