Нан да болды, ән де болды

Сенбі күнгі болған ауылшаруашылық жәрмеңкесі «Береке бастауы – нан» деген айдармен өтті. Бұл жәрмеңке басқалардан ерекше болды. Ең бастысы, аты айтып тұрғандай нан өнімдері өте көп шығарылды. Әсіресе, иісі мұрын жарған ыстық бауырсақтан дәм татпай өтіп кету мүмкін емес еді.

Қала жұртшылығы қазаннан жаңа түскен бауырсаққа сары майды жағып, сүтті қою шайды рахаттана ішіп, «тегін» дегенге сенер-сенбестерін білмей жатты. Сатушылар да бұрқыраған самаурынның шайын ұрттап ішіп, суық күнде бойларын жылытты.

Әдеттегідей қала әкімі Б.Шыңғысов бастаған әкім аппаратының қызметкерлері жәрмеңкені аралап, баға нарқын қадағалап шықты. Бауырсақ жәрмеңкесін ұйымдастырған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Сәт-Сәулет» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің еңбегінің зор екендігін атап өту керек. Бұл күні жеке кәсіпкерлер М.Бақбергенова («Балжан» дүкені) мен Г.А.Шевченко («Алешка» дүкені) өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарып қана қоймай, «Мерей», «Балалық шақ» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәтті тағамдарын апарып, бір қуантып қайтты.

Бауырсақ фестивалінде қалалық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары тақырыпқа сай концерттік бағдарламасымен тыңдаушыларын риза етті. Жалпы жәрмеңкенің үзіліссіз, тиімді өтуінде тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Сәтбаев қаласы ауылшаруашылық және ветеринария бөлімін басқарып отырған Амантай Әбілқасымовтың да үлесі мол.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.