Баяндама жасады

Жақында №16 мектепте республикалық ақпарат-насихат тобының мүшесі, ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің медициналық қызметтерді төлеу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Г.Асылбекова ұстаздар, дәрігерлер қауымымен кездесті.

Алдымен Елбасының Жолдауының негізгі басымдықтарына шолу жасаған Гүлім Ошақбайқызы, денсаулық сақтау саласына кеңінен тоқталды.

– Президент Жолдауы қарапайым халықтың әлеуетін көтеріп, жағдайын жақсартуға бағытталған. Құжатта тұрғындардың өмірін жан-жақты жоғары деңгейге көтеруді көздеген шаралар нұсқалған. Әсіресе денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінген, – деді Г.Асылбекова. Сондай-ақ, ол Жолдау аясында елімізде жүрек-тамыр, бауыр, онкологиялық аурулар санын азайту көзделген, бұл мақсатта дәрігерлік тексерулер сапасын арттыру қатты бақылауға алынатынын айтты.

Жолдауда Елбасы әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы тиіс деген болатын. Бұл ретте биылғы жылдан бастап дәрігерлердің тікелей қатысуымен диабет мектептері, денсаулық клубтары ашылып жатыр. Жолдау шеңберінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы дүниеге келіп, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық көмек түрлері өсті. Оның ішінде сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарға ақысыз дәрідәрмекті беру тиісті жолға қойылды.

Өз баяндамасында Г.Асылбекова нақты сандарға да кезек берді. 2010 жылы Жолдау аясында 50 жылжымалы медициналық көмек көрсету бекеттерін іске қосу көзделген болса, қазіргі таңда 11 бекет жұмыс істеуде. Аталмыш бекеттер қызметіне бүгіннің өзінде шалғайдағы аймақтарда тұратын 30 мың ересек, 5 мың бала қаралған. 70 мыңнан астам азаматқа дәрігерлік кеңестер берілген. Жыл басынан бері арнайы медициналық вертолеттер Қазақстанның 9 аймағына ұшып тұрғындарға жедел көмек көрсеткен. 2015 жылға дейін санитарлық авиация қызметін қамтамасыз ету үшін мұндай арнайы вертолеттер санын 16-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Баяндама барысында Г.Асылбекова Жолдаудың өзге де тұстарына тоқталып, таза ауыз су, білім беру, халықты жұмыспен қамту тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының жаңа бағдарламасы сынды бөлімдері бойынша да түсініктеме беріп өтті.

Кездесуге қатысқан қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева болса Жолдау жүктеген міндеттердің қаламызда орындалуы жайлы әңгімелеп берді.

А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.