Жастар кеңесінің отырысы

Өткен бейсенбіде Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының идеология жөніндегі орынбасары А.Төлендина, «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев және қалалық кеңес мүшелері, «Жас Отан» Жастар қанаты бастауыш бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Кеңестің кеңейтілген отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды: «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының 2011 жылдың 10 айындағы атқарған жұмысы және алда тұрған міндеттері туралы», «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жас Отан» Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының есептік-сайлау конференциясына делегаттарды сайлау туралы».

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Н.Наурызбаев баяндама жасады.

– Қазіргі таңда қалалық мекеме, ұйым және кәсіпорындар бойынша «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелер саны 257 адамды құрайды. Олардың қатарында жас мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар мен денсаулық сақтау саласының мамандары, кәсіптік-техникалық оқу орындарының студент жастары бар. Бүгінгі күні біз бастауыш бөлімшелерді жинақтау бойынша жұмысты аяқтадық. Егер осыған дейін бізде әр мекеме, ұйым және оқу орындары бойынша барлығы 32 бастауыш бөлімше болса, бүгінде аумақтық бөліністерге сәйкес 5 бастауыш бөлімшеге жинақталды.

«Жас Отан» ЖҚ биылғы жылдың 10 айында «Жастар – Отанға!», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі», «Жасыл ел», т.б. республикалық әлеуметтік маңызы бар жобалармен қатар, біршама қалалық жобалар бойынша да жұмыстар атқарды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Жас Отан» Жастар қанатының бастауымен «Тәуелсіздік ұрпағы – туған елге!» атты жастар жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында кең ауқымды бірталай іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде, «Кемеңгер», «Бақытты жанұя – мемлекет тірегі!», «Туған жерім – тұғырым», «Жас саясаткер», «Спортшылар қаласы», т.б. жобалар бар.

Алдағы уақытта «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер бірыңғай ұйымының қалалық филиалын ашу және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік ұрпағы – туған елге!» атты қала жастарының ІІ форумын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлыбай Оразалыұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кеңес құрамына бірқатар өзгерістер енгізілді. Кеңестің кеңейтілген отырысында ең соңғы сұрақ бойынша Қарағанды қаласында өтетін «Жас Отан» Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының есептіксайлау конференциясына Сәтбаев қаласынан 6 делегат сайланды. Делегаттар қатарында «Жас Отан» ЖҚ белсенділері, қалалық мекеме, ұйым және кәсіпорын жас мамандары, «Жастар кадрлық резерві – 2011» жобасына қатысушылар да бар.

Отырыс соңында «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелігіне қабылданған А.Алашбаева, Қ.Алпысбаева және Г.Аппазоваға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев салтанатты түрде мүшелік куәліктерді табыстады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.