Мамандар бас қосты

Жақында Сәтбаев қалалық сотында балалар құқығын қорғау тақырыбында басқосу өтті. Отырысқа бала тәрбиесімен, олардың құқығының сақталуын қадағалаумен айналасатын мамандар қатысып, ой бөлісті. Кездесуді қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі, судья Г.Байгенжинова жүргізіп отырды.

Жиынды қалалық әйелдер ісі және отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева ашып, қаламызда балалардың бос уақытын ұйымдастыру шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

– Елбасы тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы біздің қалада да қолға алынды. Бағдарлама аясында қала мектептері жанынан шағын орталықтар ашылып, жұмысын бастап кетті. Білім ордаларында түрлі үйірмелер жұмысы жолға қойылған. Спортпен айналысуға барлық жағдай бар. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты спорт-сауықтыру кешені балалар игілігіне берілген. Қала бойынша аула клубтарын айтпағанда, 16 футбол алаңы бар. Ықшам аудандардың барлығында дерлік балалардың ойын алаңдары жабдықталған, – деді М.Мәдиева.

Сонымен қатар, әкім орынбасары қалада балалар құқығын қорғау бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мен әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия өзара тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты. Аталмыш комиссиялар баланың құқығының отбасында, білім ордасында, жалпы қоғамда сақталуын қадағалауынан бастап оған қорғаушы тағайындауға дейінгі істермен айналысатынына ерекше назар аударды.

Келесі кезекте сөз алған қалалық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің өкілі Ғ.Сейтмағанбетова мектеп оқушыларының тәрбиесімен ұстаздармен қатар әлеуметтік педагогтар, мектеп инспекторлары айналысатынын атап көрсетті.

Оның сөзін жасөспірімдер ісі жөніндегі топтың аға инспекторы Г.Жалмурзинова жалғастырып, әңгімені балалар арасындағы құқықбұзушылықтар тақырыбында өрбітті. Маманның сөзіне қарағанда кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар саны арта түскен. Қаңғыбастыққа салынып, мектептен қашып жүрген балалар саны азаймай отырған көрінеді. Түннің беймезгіл уақытында жасөспірімдердің ересектерсіз жүру фактілері көптеп тіркелуде екен. Ішкі істер қызметкерлері қылмыстың, құқықбұзушылықтардың көбейюі балалардың түнгі мезгілде қадағалаусыз жүргеніне тікелей байланысты деп есептейді.

– Менің ойымша проблеманың түп қазығы – бала тәрбиесімен айналыспайтын ата-анада. Себебі, баласы теріс жолға түссе, оған ең алдымен жасөспірімді назардан тыс қалдырған, тәрбиесімен айналыспаған әке-шешесі жауапты. Бұл ретте талапты күшейтіп, баласына қарамайтын ата-анаға заң шеңберінде тағайындалатын жазаны неғұрлым қатаңдатқан жөн, – деді өз пікірін білдірген Г.Жалмурзинова.

Аға инспектордың бұл сөзін отырысқа қатысушылар бірауыздан қолдады. Тәрбие отбасынан басталады деген мамандар алдымен ата-ананың отбасындағы жауапкершілігін, одан соң беделін арттыру қажет деген ойларын жеткізді. Мамандар ол үшін қазіргі уақытта баламен қатар оның ата-анасын да тәрбиелеу керек деген ортақ қорытындыға келді.

А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.