Келешекке нық сеніммен

Қала күніне орай осы аптаның дүйсенбісі «Инновация күні» деп белгіленіп, білім ордаларында көрме өткізілді.

Маңызды экономикалық сұрақтар мен өзекті проблемалардың шешімін іздейтін жас дарындар еңбегін бір арнаға тоғыстырған көрме түрлі жобалармен таныстырды. №1 мектеп-гимназиясындағы көрмеден қаламыздағы инновациялық дамудың перспективті бағыттарын көруге болады. Мәселен, үшінші сынып оқушысы Тимур Бугай өз еңбегін туған қаласына арнайтындығын жеткізді.

– Инновация дегеніміз жаңашылдық, яғни Елбасымыз Н.Назарбаев қоғамның әр уақытта өзгеретіндігін, ол өзгеріске біз тез арада бейімделіп, жаңашылдықта өмір сүруіміз керектігін айтқан болатын. Осыған орай мектебімізде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Оқушылар қолынан шыққан макеттер, жаңа технологияларды пайдалана отырып жасалған буклеттерді көруге болады. Сонымен бірге, жаңа технологияны сабақ беруде қолданудың оқушыларды осы жаңашылдыққа тартуда берері мол, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Света Кенжеғозина. Білім ордасында «Робототехника» үйірмесі жұмыс жасайды, логикалық ойлау қабілетін дамытатын «Интеллектум» кабинеті жабдықталған. Нәтижесі жаман емес. Өткен жылы аймақтық «Инноваций NIS» форумына қатысқан сегізінші сынып оқушыларының еңбегі жоғары бағаланды.

Ал, С.Сейфуллин атындағы гимназия облыстық инновациялық жобаларға қатысуда. Жаратылыстану, математикалық бағыттағы, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жолға қойылған.

– Өткен жылдан бері оқушылардың ақпараттық-технологиялық құзіреттілігін дамытуға бағытталған «Робототехника», «Болашақ» курстары енгізілді. Қазір мына алдарыңызда тұрған робот белгілі Рубик кубигін автоматты түрде құрастырып береді. Барлық түстерді үйлестіруге әрі кетсе екі минут уақыт кетеді. Робот жасауға деген қызығушылығымыз осы үйірме ашылғаннан кейін пайда болды. Бұл сабаққа оқушылар тұрақты қатысады. Одан бөлек, биыл түлектер демеушілігімен жаңа оқу залы ашылды. Оқушылардың бос уақытында кітап оқуға мүмкіндігі бар. Білім саласындағы соны жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысатын гимназия ұжымы болашаққа нық сеніммен қадам басуда, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еңлік Жалмурзинова.

Бұл күні Абай атындағы №4 мектеп-лицейіндегі көрмеге №25, №15 жалпы орта білім беретін мектептер белсене қатысты. Мәселен, жетінші сынып оқушылары Алексей Вегеле мен Сергей Леонтьев сынды өнертапқыш балалардың қолынан шыққан робот көпшіліктің қызығушылығын тудырды. №15 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Дастан Оспанов қала бойынша 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Робототехника» үйірмесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімеледі.

– Қазіргі таңда қала бойынша жеті үйірме жұмысы жолға қойылған. Барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл өз ойын конструкторлар арқылы жүзеге асырып, түрлі фестивалдерге қатысқан балалардың шығармашылығын көтеруге қолайлы тәсілдердің бірі болып табылады. Жыл сайын түрлі тақырыптарға байланысты жоба ұсынып, оны қорғауға қызыға кірісеміз. Арнайы программа арқылы роботтарды қимыл-қозғалысқа келтіреміз. Бұл үйірменің берері мол, – дейді ол.

Көрме жылдар бойы жинақталған мол тәжірибемен бөлісу, сабақта қолданылатын инновациялық технологияларды таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Көрмеге әр пәннің қыр-сырынан хабар беретін стенд орнатылды. Мәселен, жаратылыстану бағытына арналған бөлімде қызықты тәжірибелерге куә болсақ, гуманитарлық пәндерге бейім оқушылар тіл үйренудің тиімді әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, бұл шарада жаңашыл үйірмелер жұмысы ұсынылды.

Комментарии закрыты.