Кең пейілді кемімес

Сәтбаевтың 45 жылдық мерейтойы талай ілкімді істің қарқын алып, іске асырылып жатқанына септігін тигізуде. Қала күнін атап өту үшін шаһар әкімшілігімен жүйелі жоспар бекітіліп, он бес күндік атаулы даталар тізілімі жасалды. Сондай күндердің бірі ретінде 5 қыркүйек қаламызда мейірімділік күні ретінде таңдалып және осы күн қайырымдылыққа жаны құмар жандардың жақсылықты жарыса жасаған күніне айналды.

Мәселен, «Асыл мұра» тойханасының меңгерушісі, жеке кәсіпкер Меруерт Жағыпарова аз қамтылған отбасы санатындағы 30 балаға арнап, мерекелік дастархан жайды. Қала мерейтойына арналған бұл игілікті шараның шырайын талапты әншілер мен бишілер келтірді. Салтанатқа келген сайқымазақ та әдемі қалжыңымен балалардың езуіне күлкі үйірді. Қызықты ойындар ойнатып, қуанышқа бөледі. Қайырымдылық шарасына арнайы қатысып, өз құттықтауын жеткізген қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина мен Аналар кеңесінің төрайымы Марал Мәдиева жиналған жеткіншектерге бақытты балалық шақ тіледі.

– Бүгін үлкен мерекелі дастархан жайып отырған «Асыл мұра» иесі Меруерт Құрманғазықызына алғыс білдіреміз. Мейірім көрсету – адамгершіліктің жоғары қасиеті. Балаға мейірімді болу бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігін қалыптастырады, қоршаған ортаға бейімделуіне септігін тигізеді. Сіздерге қаламыздың озат оқушылары болуларыңызды тілеймін. Елімізге қызмет етер азаматтары болатындарыңызға сенім білдіремін. Ол үшін білім алып оқу керек, жетістіктерге жету керек. Қаламыздың есімі берілген Қаныш Сәтбаевтай үлкен ғұлама ғалымға ұқсап бақсаңыздар, елге сіңірген еселі еңбектеріңіз сол болмақ. Мерейтойымызды дастархан басында бастап беріп жатқан кәсіпкерлерімізге көп алғыс, – деді Айгүл Қосманқызы.

– Бүгін сіздерді ақ дастархан басында жинап, керемет көңіл-күй сыйлау үшін кәсіпкерлер бар күшін салуда. «Асыл мұрадай» ақ сарайда бас қосып, мерекенің сәнін келтіріп жатырсыздар. Осында отырған әрбіріңнің қалаға сүбелі үлес қосатындарыңа сенімім мол. Көш басында жүрген бизнестегі апайларың сынды толайым табысқа жете беріңіздер. Бизнес адамдары көбейсе, қаланың да көркею хақ, – деді Марал Сағынайқызы.

***

Дәл осындай дәмді дастарханды «Асаба» мейрамханасы да ұйымдастырды. Жақсылыққа жаны құмар кәсіпкер қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған қаланың меценаттар клубының төрайымы Меруерт Бақбергенова көпбалалы отбасыларға арналған мерекелік кездесуді өткізуге шын көңілмен берілгендігін айтады. Кәсіпкердің сөзінше, қайырымдылық жасау кәсібіңе береке келтіріп қана қоймай, жаныңды жадырататын ізгі амал деп біледі.
– Бүгін көпбалалы жанұялардың бүлдіршіндеріне арнап, мерекелік кешті өткізуді қолға алдық. Жергілікті өнерпаз әншілер мен мультфильм кейіпкерлеріне енген сомдаушыларды да шақырдық. Мұның барлығы жеткіншектеріміздің қуанышы үшін жасалып отыр. Қайырымдылықты әрбірінің қолынан келетін сауапты іс деп білемін. Сондықтан, сауаптан құр қалмауға тырысу керек, – дейді Меруерт Бақбергенова.

Балалар дастарханға отырмас бұрын, концерттік бағдарламаны тамашалады. Сүйікті мульт кейіпкерлерімен ойын ойнап, би биледі.

***

Қайырымдылық – мешіт еншісі

Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіт те қайырымдылықта қол қусырып қалуды жөн көрмеген. Дін қызметкерлерінің бастамасымен іске асырылған жақсылық нышаны Алла үйінде өзгеше өріс алды. Мұнда аз қамтылған 5 отбасыға азық-түлік жиынтығы берілді. Өз сөзінде жақсылық жасауды мұсылмандықтың алғы сипаттарының бірі екендігін алға тартқан мешіттің бас имамы Қондыбай Акпаров тұрмыс жағдайы төмен адамдарға көмек қолын созу ізгі амалдардан саналатынын жеткізді.

– Қайырымдылық – қадірлі іс. Сондықтан, әрбір мұсылман жақсылық жасауды әдетке айналдырса, сауаптан мақұрым қалмайды. Бүгінгі шара қаламыздың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Мұндай игі амалдарды дәстүрге айналдырып, қамқорлық көрсету адамдар арасындағы қарым-қатынас пен ықыласты арттырады, – дейді бас имам.

Комментарии закрыты.