Дарынды ұрпақ — ел болашағы

Өз тарихын ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен мәңгіге байланыстырған қаланың әкімі Асқар Ыдырысов бір топ дарынды балалармен кездесті.

Кездесу Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде өтіп, оқуда, өнерде, музыкада, спортта белгілі жетістіктерге жеткен дарындылар өз ойымен бөлісіп, жоспарымен таныстырып, өнерін ортаға салды. Белсенділік танытып, қала басшысына көкейдегі сауалын қойды. Әңгіме қаланың дамуы жайында кеңінен өрбіді. Байқағанымыз, жастар қала болашағының жарқын боларына сенімді және қазірден бастап дамуына үлес қосуға даяр.

– Сәтбаев салған сара жолдың осы күнге дейін маңызы арта түспесе кемімек емес. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» жобасы аясында дарынды шығармашыл жастарды қолдауға, талантты жастардың жаңа буынын қалыптастыруға басым бағыттардың бірі ретінде ден қойған болатын. Білім мен ғылымды қатар алып жүрген өрендердің ісіне сүйсіне қараймыз. Алдымен ата-ана сенімін ақтағандарыңа рахмет айтамын. Болашақта ел сенімін ақтайсыңдар. Оған кәміл сенемін. Бойларыңда қаншама рух тұр. Білімге деген ұмтылыс бар. Соның барлығын сөз жоқ іс жүзінде жүзеге асырып, елімізді өркендету ісіне де үлкен үлес қосарларың анық, — деген Асқар Ыдырысов мектеп қабырғасындағы оқушы кезін еске алып, балалық арманы жайында сыр шертті.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Бұл — осы шараға қатысқан дарындылардың ұстанымы. Халықаралық, республикалық олимпиадаларда қала мерейін үстем еткендер жетістігімен бөлісті. «Біз осы үлкен жеңісімізді Қазақстанға арнаймыз. Елімізде көп ұлттың өкілі бейбітшілікте өмір сүруде. Мақсатымыз — болашағы жарқын, мәңгілік ел жолында аянбай еңбектену. Түріміз түрлі болса да, тілегіміз бір. Жүзіміз басқа болса да, жүрегіміз бір. Өйткені, Отанымыз бір. Осы Отанымыздың болашағы үшін қызмет етуге дайынбыз», деді бірауыздан.

Кездесуге келгендердің ішінде көп тіл білетін полиглоттар, спорттық сайыстардың жеңімпаздары, халықаралық олимпиадалардың жүлде­герлері болды. Олардың қатарында үшем, бірінші республикалық «Қазақстан таланттары», «Жас қанат -2018» жастар байқауларының жеңімпаздары Арайлым, Айғаным, Аяулым Молдағалидың болғандығын айта кетуіміз керек.

Тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қараған бақытты елдің адал азаматы, ел тірегі біз боламыз десті олар. Иә, шынымен де олар — Сәтбаев қаласының мақтанышы. Ел болашағы.

Комментарии закрыты.