Желаяқтар жарыс жолында

Қаламыздың 45-жылдық мерейтойы қарсаңында денсаулық және спорт фестивалі өткізілді. Және алғаш рет шаһарымызда 21 шақырым қашықтыққа жүгіруден жартылай марафон ұйымдастырылды. Ауқымды шара Кеншілер сарайы алаңында басталып, спорттық жарыстарға 300-ден астам адам қатысты.

Амфитеатр сахнасында фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Тұрғындармен бірге спорттық шараларға қатысуға қала әкімі Асқар Ыдырысов арнайы келіп, барша азаматты бұқаралық спортпен айналысуға шақырды.

– Құрметті қала тұрғындары, қадірлі жерлестер! Баршаңызды спорт күніне арналған фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл сәулетті қаламызға – 45 жыл. Осыған орай мерекелік шаралар легі үзілмей келеді. Соның бірі – игі дәстүрге айналған денсаулық фестивалі. Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – тұрғындардың спортпен айналысуына ықпал ету, саламатты өмір салтын сақтау денсаулық негізі екендігін түсіндіру. Қазақта «дені саудың – тәні сау» деген нақыл бар. Спортпен айналысу – жанның кепілі екенін ұмытпайық, – деді қала басшысы.
Одан кейін фестивальге қатысқан құрметті қонақтар қала жастарымен бірге денені шынықтырып, түрлі жаттығулар жасады. Концерттік бағдарлама да жалғасын тауып, қала жұртшылығы жаппай спорттық жарыстарға қатысуға тырысты. Кеншілер сарайы алаңында көңілді эстафета, шахмат, дойбы сынды үстел ойындары өткізілді. Бұл күні денсаулық сақтау саласының мамандары да тұрғындарға тегін көмек көрсетуге шықты. Денсаулық қалашығында қан қысымын тексеру, холестерин мен қант деңгейін анықтау, салмақ пен бойды өлшеу, жүрек соғысын тексеру сынды медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік алды.

Фестивальдің басты спорттық шарасы – жартылай марафон – «Сулпак» сауда үйінің алдында басталды. 3, 7, 21 шақырымдарды еңсеруге 300-ден аса адам қатысты. Бас төреші Елдос Абдраев жарыстың жарақатсыз өтуіне тілектестігін білдіріп, ойынның әділ болатынына сенім білдірді. Жүлдеге ұмтылған желаяқтар Абай және Ерден көшесін бойлай өтіп, Сәтбаев ауылына барар жолды айналып өтіп мәре сызығын бірінші болып кесіп өтуге тырысты.
3 шақырымды бағындыру бойынша 3 орынды Гузелия Гайсина мен Родион Бихлер алса, 2 орынға Анастасия Токишева және Сержан Егінбаев ие болды. 1 орынға Анастасия Ференец пен Дархан Усипбеков лайықты болды. Ал, 7 шақырым бойынша Анастасия Ларина, Нұрболат Рахымберлі, Роман Дударь, Альфия Шалабаева, Александра Мохирева, Жасұлан Исабеков үздіктер қатарынан көрінді. Жартылай марафонда үздік шыққан 7 спортшы марапатталды. Олардың қатарында Хамит Арнаев, Мағжан Оңғарбаев, Әлішер Мұқанов, Абзал Әлменов, Қуанбек Насырұлы, Ербол Қабдолла, Саят Смағұлов бар.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жолдауында: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік», – деген болатын. Ал, тәуелсіз Қазақстан үшін ең басты байлық – адам капиталы, адам саламаттығы мен саулығы екенін ұмытпағанымыз абзал.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер О.Батырбековтікі.

Комментарии закрыты.