Жас ақындар жырлады

Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған айшықты шаралар әр күн сайын әр түрлі тақырыппен өтіп, қала тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Сондай бір тамаша кеш өткен аптаның соңын ала қаламыздағы «Ақындар аллеясында» өтті. Мұнда жас ақындар кеншілер қаласын шабыттарына арқау етіп, тамаша жырларын оқыды.

Орайы келгенде айта кетейік, аптаның бұл жұмасы поэзия күні болып белгіленген еді. Соған сәйкес, қаламыздағы кітапханалар мен оқушылар сарайында, поэзия кештері, жас ақындармен кездесу кеші, шығарма байқауы өтіп, кешкісін поэзия күнінің қорытындысы шығарылды. Бұл күн жас ақындардың «Шабытымның себепшісі – Сәтбаев» деген тақырыппен өткен жыр кешімен қорытындыланды. Мұнда қаламыздағы өнер орталығы жанындағы жас ақындар мектебінің шәкірттері кеншілер қаласына арнаған жүрекжарды жырларын оқыды. Кешке қаламыздағы ақындар мен қала жұртшылығы куә болып, жас талаптарға ықылас-пейілдерін жеткізді.

Кеш барысында Индира Түсіпова мен Арайлым Түсіпзада, Қымбат Қомытова өздерінің сиясы кеуіп үлгермеген жырларын көпшілік назарына ұсынып, бағасын алса, осы өнер орталығы жанындағы ұлт аспаптар ансамбілінің бір топ мүшесі күмбірлеген күйден шашу шашты.

Жас ақындарға қаламыздың бас ақындары Мұса Тілеуов пен Сақтаған Атабаев аталық ақ тілектерін айтып, баталарын берді.

Комментарии закрыты.