Маңызды істер мен жоғарғы жетістіктер

Жезқазған қалалық сотында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өткізілді. Күн тәртібіне қойылған мәселелермен таныстыра отырып, сот төрағасы Бақытбек Сыздықов осы жылдың 9 айында Жезқазған қалалық сотымен атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.

Үстіміздегі жылдың осы мерзіміне дейін Жезқазған қалалық сотына барлығы 4512 іс пен арыздар түскен. Сотпен барлығы 2254 азаматтық іс қаралып, 1630 іс бойынша шешім шығарылған. Бұл жалпы қаралған істердің 72,3 пайызын көрсетеді. Бір судьяның бірайлық орта есептік жүктемесі өткен жылдан 3 бірлікке жоғарылаған.

Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың 9 айында апелляциялық тәртіпте қаралған шешімдер көрсеткіші 2 есеге азайған.

Келесі кезекте «Сот өндірісіндегі өзекті маңызы бар істер туралы» және «Сот жұмысындағы жетістіктер туралы» ақпараттар тыңдалып, жекелеген фактілер ортаға салынды.

Осы жылдың 1-ші жартыжылдығындағы Қарағанды облыстық соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен атқарған жұмысын қорытындылау нәтижесінде Жезқазған қалалық соты «Сот және баспасөз: ортақ мүдде үшін» атты байқаудың «Сот қызметіне байланысты ақпараттарды тұрақты жариялау» тақырыбы бойынша облыстық соттар арасында өткізілген сайыстың жеңімпазы атанып, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е.Серікбаевтың дипломымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесіне орай Жезқазған қалалық сотының төрағасы Б.Сыздықов «Сот төрелігін атқарудағы мінсіз қызметі және соттың жұмысын ұйымдастырудағы жеке үлесі үшін» Қарағанды облыстық сотының Құрмет грамотасымен, Жезқазған қалалық сотының кеңсе басшысы А.Доскеев облыстық сот төрағасының және кеңсе маманы Е.Еганова облыстық соттың кеңсе басшысының «Лауазымдық міндеттерін үлгілі әрі адал орындағаны, жұмыста қол жеткізген табыстары мен жоғары көрсеткіштері үшін» Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жезқазған қалалық сотының тағы бір жетістігі – 2011 жылы Қарағанды облыстық сот Кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік сот ғимаратының санитарлық жағдайы» атты облыстық соттар арасында өткен сайыста бас жүлдені жеңіп алуы.

Баспасөз мәслихатын қорытындылай келе, сот төрағасы Б.Сыздықов журналистерге бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғысын айтты.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.