Ортақ істе еңбектері елеулі

Тыныштық сақшылары саналатын полиция қызметкерлерімен байланыс телефоны – «02» әрбіріміздің санамызда жатталып қалды десек, ешкім дауласа қоймас. Балабақша, мектептен бастап алғашқы көмек көрсетуге тиісті қызметтердің телефондарын құлағымызға құйып өстік. Бүгінде нөмір «102»ге ауысты, ал сол телефон тізгінін ұстайтындар жұмысы мүлде өзгерген жоқ. Қызмет көрсету нөмірін жатқа білеміз, телефон соқсақ, күн болсын, түн болсын міндетті түрде жауап алатынымызды да білеміз. Алайда халыққа қызмет көрсету тұтқаны көтеріп, хабарласқан азаматтың шағымын тыңдаумен ғана шектелмейтіні жөнінде ойлана бермейміз. Қалалық ішкі істер бөліміне қарасты кезекші бөлімінің жұмысы жайлы аталмыш бөлім бастығы, полиция капитаны П.Дюсенбаев баяндап берген болатын.

– Пазыл Төлеубайұлы, жедел кезекшілік бөлімінде қазіргі күні қанша адам қызмет істейді?

– Бүгінгі таңда кезекшілік бөлімінде 8 азамат қызмет етуде. Оның төртеуі жедел кезекші болса, төртеуі жедел кезекші көмекшілері. Қызметкерлердің атауында өзгешелік болғанымен, олардың бәрі ортақ іске жұмылдырылған. Әрқайсысы уақытпен санаспай еңбек етуде десем артық айтқандық емес.

– Аталмыш қызметкерлеріңіздің жұмыс ауқымы қандай?

– Көпшілікте кезекші бөлімде істейтіндер тек түскен арыздарды тіркеумен айналысады деген пікір қалыптасып қалған сияқты. Шындығына келгенде, кезекшілер жұмысы ауқымды, әрі жауапты. Кезекшілер тек арыз тіркеумен шектеледі деп ойлауға болмайды. Біздің қызметкерлер жедел тергеу тобымен тығыз жұмыс істейді. Арыз түсісімен жігіттер тергеу тобының қызметкерлерімен бірлесіп оқиға орындарына шығады. Арасында көше тәртібін сақтау рейдтерін ұйымдастырып тұрамыз. Ал қандай да бір қылмыс тіркелген болса, оны ізін суытпай ашуға барынша көмектесеміз. Барлық күдіктілер мен қылмыс жасауға бейім азаматтардың, ішкі істер бөлімінде тіркеуде тұрған қылмыскерлердің арнайы базасына шолу жасаймыз. Түр-келбеті, кескіні қылмыс жасаған азаматқа келетін адамдардың суреттерін, істерін дайындап, тергеу тобының жұмысын неғұрлым жеңілдетуге ұмтыламыз. Төтенше жағдайлар орын алып жатса қала көшелерінде арнайы кезекшілікке шығамыз. Әрбір түскен шағым, арыз бойынша жедел әрі тиісті шаралар қабылдаймыз.

– Барлық арыздар арнайы журналға тіркелетіні белгілі. Олай болса, қалада орын алған қылмысқа байланысты жағдайды сізден артық ешкім білмес. Бүгінгі күні қандай қылмыс түрлері көп тіркелуде?

– Өкінішке орай, өзгенің мүлкіне қол сұғып, жеңіл жолмен пайда тапқысы келетіндер азаймай отыр. Ұрлық өршіп тұр. Ең бірінші кезекте пәтер ұрлығы, одан соң далада, подъездерде тонау, біреудің затын тартып алу көп тіркеліп жатыр.

– Қызметкерлердің біліктігін арттыру қаншалықты жолға қойылған?

– Әрбір қызметкер ең алдымен жұмыс бабында шыңдалып, тәжірибе жинайтыны сөзсіз. Жылына бір рет облыстағы жедел басқару орталығы бекіткен кестеге сай сынақ өткізіп отырамыз. Оқу-жаттығу шаралары да арнайы жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Қазіргі күні білікті, тәжірибесі мол қызметкерлер жастарымызды үйретуде. Мәселен, он бес жылдан артық еңбек өтілі бар Өмірхан Нұрпеисов, Нұрлан Алшынбаевтар ішкі істер бөліміндегі қызметтің қыр-сырына әбден қаныққан мамандар. Андрей Свинцов та еңбекке деген ықыласымен ортамызға сыйлы. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген ол қазақ тілінде түскен арыз, шағымдарды да еш қиналмай тіркей береді. Бұл да болса біздің бір-бірімізбен санаспай, жалпы ішкі істер бөлімінің қызметін жақсарта түсуге ұмтылысымызды көрсетеді деп ойлаймын. Жалпы жігіттер ішкі істер бөлімі жұмысының нәтижелілігі біздің кезекшілік бөлімі қызметінің сапасынан басталатынын жақсы түсінеді. Сондықтан өз жұмысымызды іркіліссіз, тиянақты орындауға бар күшімізді салудамыз.

Жазып алған А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.