Спартакиада жалауын көтерді

Сенбі күні «Жастар» спорт сарайында алғашқы рет мектеп оқушыларының арасындағы спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында қала әкімі Б.Шыңғысовтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған бұл спартакиада 5- 11-ші қараша аралығында өтеді.

Спорттың 5 түрінен, атап айтқанда, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, баскетбол, футбол, үстел теннисінен оқушылар бір жеті бойы сынға түспек. Қала әкімдігі мен қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қолға алынған спартакиада оқушылардың күзгі демалысын қызықты өткізу үшін жасалып отырған игі шара.

Спартакиаданың ашылуына қала басшысы Б.Шыңғысов, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, «Қазақмыс» филиалы «Қазақмыс спорт» директоры Н.Алтынбеков және спорт ардагерлері қатысты.

Қатысушылардың сап түзеуінен кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары мен №14 орта мектептің үгіт-насихат тобы өнерлерін көрсетті.

Спартакиаданың ашылуымен қала әкімі Бауыржан Шыңғысов, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ойынның бас төрешісі С.Мейрамов ойынның өту барысымен таныстырды.

Ашылудан соң «Сан жүйріктер бағын сынап жарысқан, спорт – достық, денсаулық пен ізгілік» деген ұранмен ойындар да басталып кетті. Спартакиаданың жабылу салтанаты қарашаның 11 күні өтіп, жеңімпаздар марапатталады деп күтілуде.

Жастарды салауатты һәм саламатты болып өсуге ықпал ететін спартакиада алдағы уақыттарда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр болмақ.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.