Атқарылған істерге көңілі толды

Сейсенбі күні Жезқазған аймағына екікүндік іс сапармен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев келіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында аймақта, оның ішінде Сәтбаев қаласында атқарылып жатқан істермен танысты.

А.Қырықбаев қалаға іс сапарын спорт-сауықтыру кешенімен танысудан бастады. Онымен қала әкімі Бауыржан Шыңғысов, әкімнің орынбасары Марал Мәдиева және Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов еріп жүрді.

Облыс түгілі республикада теңдесі жоқ кешеннің мұз сарайының, футбол манежінің, сондай-ақ, жүзу бассейнінің жұмысымен кешеннің басшысы Юрий Апарин таныстырды. Бұл жерде сәтбаевтық спортсүйер қауымға барлық жағдайдың жасалғанына ризашылығын жеткізген Арман Оразбайұлы кешеннің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін биылғы мерейлі жылға қаланың тартуы ретінде жақында ғана ашылған Тәуелсіздік саяжолына атбасын тіреген облыс әкімінің орынбасары алаңды көркейту, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Бүгінде қалада мектепке дейінгі жастағы 320 баланы тәрбиелеп отырған, «Балапан» бағдарламасының аясында 2009 жылы қолданысқа берілген «Нұрбөбек» балабақшасында болған А.Қырықбаев мұнда балаларға барлық жағдайдың жасалғандығына көз жеткізді.

Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Ш.Жанасылова мен балабақша басшысы Ж.Жаппасова балабақшаны аралатып, өздерінің келешек ұрпақты тәрбиелеудегі оң істерін баяндады. Мұнда бүлдіршіндерді ұлттық рухта тәрбиелеуге аса мән берілген. Мемлекеттік тілді үйренемін деуші өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін оқыту бөлмесі, асхана, компьютерлік бөлме жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, бұл балабақша алғашқы болып «Сәтбаев – балаға мейірімді қала» жобасына енген. Мұнда 5 орыс тобы, 8 қазақ тобы жұмыс істейді. – Жаңа заман талабына сай бой көтерген балабақшадан білімді де тәрбиелі бүлдіршіндердің шығатынына сенімдімін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында қалада бой көтерген №15 орта мектепте болған облыс әкімінің орынбасары жаңа стильде салынған білім ошағының кеңдігі, сондай-ақ, ыңғайлылығы көңілінен шыққанын білдіре отырып, білім сапасының да жағдайымен танысты. Бұл білім ордасы 1200 оқушыға арналған. Мұнда мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін шағын орталық, қаланың, мектептің ісшараларын өткізіп тұратын 750 адамға лайықталған мәжіліс залы бар. Биылғы жылы білім ордасының оқушылары ҰБТдан орташа балл бойынша 70 пайыз көрсеткіш көрсеткен.

Жетпіс мың халқы бар Сәтбаев қаласында тұрғындардың баспанамен қамтылуы өзекті мәселелердің бірі екені жасырын емес. Осы мәселені шешу мақсатында Шаталюк көшесінде бір 4 қабатты, бір 3 қабатты 18 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Бұл үйлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың тізімінде тұрған азаматтарға жалға беріледі. Осы көшедегі 38 «а» үйдің құрылысын өз қолына алған мердігер, жеке кәсіпкер М.Әжібаевтің айтуынша, құрылыс жұмыстарының біразы орындалған. Арман Оразбайұлы желтоқсанның онынан асырмай үйлердің құрылысын аяқтауды тапсырды.

– Бүгінгі таңда облыс басшылығы аймақты дамытудың бағдарламаларын жасап, сол бойынша қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңыңда Сәтбаев қаласында атқарылған жұмыстарды саралау мақсатында біраз нысандарда болдым. Білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру істері көңілге қуаныш ұялатады. Атап өтетіні, Сәтбаев қаласы облыстағы қалалар арасында балабақшамен қамтамасыз ету бойынша бірінші орында. Қалада құрылыс та қарқынды, қызу жүріп жатыр екен. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамтуға мән берілудің өзі қала үшін үлкен жетістік десек болады. Жалпы алғанда, Сәтбаев қаласы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына көңіл толтырарлық табыстармен жетіп отырғанына көзім жетті, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Қырықбаев.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқан соң Арман Оразбайұлы түс ауа Ұлытау ауданына жүріп кетті.

Екікүндік іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары сәрсенбі күні Жезқазған, Сәтбаев қалаларының активімен кездесті. Жиында көтерілген мәселелерді газеттің келесі санында жариялаймыз.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.