Қайта даярлаудан өткен…

Мемлекетіміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың әлеуметтік халахуалын жақсарту мақсатындағы «Жұмыспен қамту 2011-2020» бағдарламасы жер-жерлерде жүзеге асуда. Қаламызда аталмыш бағдарламаның алғашқы қарлығаштары жұмысқа жолдама алғанына көп болған жоқ. Енді, міне, тағы бір топ жұмыссыз қайта даярлықтан өтіп, маман атанып отыр.

Жалпы қаламыз шеңберінде «Жұмыспен қамту 2011-2020» бағдарламасының бірінші – қайта даярлау және оқыту бағыты бойынша 56 адам оқудан өтуде. Оның алғашқы оны кондитер мамандығын меңгеріп, жұмысқа жіберілгені жөнінде газет бетінде жазылған болатын. Біліктілік арттыру курсында оқыған келесі ондық болса аспаз мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтті. Жезқазған қаласындағы №6 кәсіптік училище базасында оқыған бұл қыздардың барлығының арнайы дипломы бар екен. Алайда, ұзақ жыл жұмыссыз отырып, кәсіби мүмкіндіктерін іске асыра алмаған. Енді бойжеткендер жұмыс барысында біліктіліктерін жетілдіріп қана қоймай, табыс табу мүмкіндігіне де ие болып жатыр.

Дүйсенбі күні қала әкімдігінде жоғарыда сөз болып отырған мамандармен «Жұмыспен қамту 2011-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша құрылған арнайы комиссия мүшелері кездесті. Комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева курстарды тәмамдаған мамандарды құттықтап, жұмыста сәттілік тіледі. Құттықтауларға жұмыспен қамту орталығының басшысы Қ.Ашықбаев пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Т.Қапарова қосылды.

Кездесуге бағдарлама аясында курстан өткендерді жұмысқа қабылдау жөнінде арнайы келісім-шартқа отырған жеке кәсіпкерлер де қатысты. Өкінішке орай, келісім жасаған 11 кәсіпкердің екеуі ғана мамандармен жүздесуге келді. Аталмыш жәйт көңілімізде алаңдаушылық туғызғанын да жасырғымыз келмейді. Арнайы шақырылған отырысқа келмеген кәсіпкерлер ертең мамандарды қалай қабылдар екен деп қынжылып қалдық. Алайда комиссия мүшелері көңілдегі күптілікті сейілтті. Олар әр маманға жұмыспен қамту орталығының қызметкері бекітілгенін айтып, жұмысы бақылауда болатынына сендірді. Сонымен бірге арнайы курстан өткендерге де талап күшті екенін қатаң ескертіп, мамандарды өз істеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Келесі кезекте комиссия отырысы бағдарламаның екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету бойынша қолға алынуға тиіс шараларды пысықтаумен жалғасты. Комиссия төрайымы мүшелерге жұмыссыздар тізімін құру, нақтылау жұмыстарын таяу күнде аяқтауды тапсырды.

– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жұмыстар табысты жүріп жатыр деуге болады. Екі топ маман жұмысқа жіберілді. Енді екінші бағыт бойынша жұмысты жемісті жалғастыру қажет. Ол үшін баршамыз жұмыла жұмыс жасап, сөзден, жоспардан іске көшуіміз қажет, – деді М.Мәдиева отырысты қорытындылап.

А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.