«Ата-ана махаббаты»

Осындай тақырыппен №16 жалпы білім беретін орта мектепте дөңгелек үстел басында бір игі шара өтті. Қамқоршылар күніне орай мектептің əлеуметтік педагогі М.Мұқышева мен психологі Р.Жайымбай ұйымдастырған кездесу атаананың балаға деген мейіріміне, махаббатына негізделді.

Қамқоршыларды бір-бірімен таныстыру, кездескен қиындықтарды шешу жолдары жəне өзара тəжірибе алмасуды көздеген отырыс екі жаққа да тиімді өтті.

Дөңгелек үстелге білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің мамандары, қамқоршылар, бала құқығын қорғау органдарының өкілдері, мектеп инспекторы, директордың тəрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатыстырылды.

Алғашқы сөз алған мектептің əлеуметтік педагогі М.Мұқышева «Өмірдің мəні де, сəні де – бала» дей келе, баланың тəрбиелі, жан-жақты болып өсуіндегі, қоғамда қалыптасуындағы отбасының, ата-ананың алар орны жайлы жүректен жүрекке жетер толғанысын баяндады. Одан əрі балалармен ата-аналары, қамқоршылары жайлы анкета жүргізіліп, қорытындысы шығарылды.

Психолог Р.Жайымбай «Танысу», «Мадақтау мен жазалау», «Аяқталмаған сөйлемдер» тақырыбында тренинг өткізді. Жұмыс барысында оқушылар белсенділік танытып, бір-бірімен пікір бөлісіп, ашық əңгімелесті. Ал, «Сүйіспеншілік» ойынында қатысушылар балаларына деген сүйіспеншілігін, жақсы көретіндігін əр түрлі теңестіру сөздері арқылы жеткізді.

Отырыс кезінде қамқоршылар мен бала құқығын қорғау органдарынан келген қонақтар сөз алып, ойлары мен іс-тəжірибелерін ортаға салды.

Тіршілік нəрі адам баласының санасына отбасынан сіңеді. Үйде көрген жақсы-жаман қылықтардың бəрі бала өміріне міндетті түрде əсер етеді. Біздің қазақ салтында отбасы тəлімі – ерекше дəстүр. Өнегелі, ынтымақты отбасындағы баланың қоғамға пайдалы азамат болып өсері сөзсіз.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.