Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер талқыланды

Газеттің өткен санында Жезқазған өңіріне облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев келіп, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының активтерімен Жезқазғанда кездесу өткізгенін жазған болатынбыз. Бұл жиынның күн тәртібінде негізінен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына екі қаланың, бір ауданның қандай тарту-таралғымен келіп отырғаны сөз болды.

Жиынды ашып жүргізген А.Қырықбаев активті шақырудағы мақсатына тоқталды. – Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Сол құнды жәдігеріміздің тұғырына қонғанына 20 жыл толып отыр. Жиынның басты мақсаты – осы жиырма жылда Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау ауданының  қандай үлестерінің барын білу, – деді.

Активпен өткізіп отырған жиынның мақсатымен таныстырған соң, Арман Оразбайұлы сөз кезегін Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлына берді. Өз кезегінде Берік Әбдіғалиұлы «Тәуелсіздік тойына – 20 тарту» бағдарламасы бойынша атқарылған істерді жеке-жеке атап көрсетті. Қаланы абаттандыру жұмыстарынан бастап, маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, ойын алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру, ел Тәуелсіздігін аңсап өткен есіл ерлердің ескерткішін орнату сияқты жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Торқалы тойға толайым табыстармен келіп отырған Жезқазған қаласының атқарған жұмысына көңілі толған А.Қырықбаев Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының арасындағы жарықтандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Одан кейін елдің басты мерекесі қарсаңында 4 бағыт бойынша – қаланы абаттандыру, әлеуметтік маңызы бар нысандарды іске қосу, қаланың мерекелік безендірілуі, әлеуметтіксаяси, мәдени-спорттық шаралар өткізуде Сәтбаев қаласының атқарып жатқан жұмыстарын Сәтбаев қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов баяндады. Қала әкімінің баяндауынша, мерейлі мерекені атап өту үшін 96 маңызы бар іс-шара қолға алынған.

Соның ішінде қалада 7 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, 166 шам бағаны ауыстырылған. Қаланың түнгі жарықтандырылу мәселелері де бірте-бірте шешімін тауып келеді. Биылғы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында ТКШ-ны модернизациялауды басты бағыт ретінде ұсынғаны белгілі. Осы бағытта қалада көпқабатты 5 үй толық жөндеуден өтуде. Жезқазған кенті мен қаланың Тәуелсіздік даңғылында, перзентханада «Ана мен бала» саябағы ашылғанын баяндады. «Тәуелсіздік нұры шашылсын әр аулаға» атты аулалар фестивалінің аясында 5 балалар ойын алаңы тұрғызылды. Сондай-ақ, бірінші қыркүйек – Білім күнінде №4 Абай атындағы мектеп-лицейде көпсалалы корт ашылып, оқушылар игілігіне жарауда. «Жұмыспен қамту2020» бағдарламасының негізінде және әлеуметтік бағдарлама бойынша көпқабатты үйлердің құрылысының жүзеге асып жатқандығын айта келе, әкім 18 пәтерлі үйдің жұмысын желтоқсанда аяқтап, мереке қарсаңында осы үйлерде азаматтар қоныс тойын тойлайды деп сендірді. Қала күнінде, Астана күнінде қала кәсіпкерлерінің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту еткен нысандарын да назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ, қала әкімі Б.Шыңғысов қалада дүбірлі тойдың қарсаңында өтіп жатқан мәдениспорттық шаралардың да бірқатарымен таныстырды.

Облыс әкімі кеншілер қаласының атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаровтың баяндамасын тыңдады.

Жиын барысында Жезқазған өңірінің Тәуелсіздік тойына әлеуметтік жағынан болсын, экономикалық тұрғыдан болсын айтарлықтай жетістіктермен келіп отырғанына көз жетті.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.