БҰҰ-ның VI қалалық моделі

Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап біздің қаламызда Біріккен Ұлттар ұйымы Моделін өткізу бойынша жұмыс жандандырылған болатын. Осыған орай №15 жалпы білім беретін орта мектепте «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қалалық Біріккен Ұлттар ұйымының VI сәтбаевтық жастар моделі өтті. Оған қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары және технологиялық колледждің студент жастары қатысып, әлемнің 10 мемлекетін таныстырды.

БҰҰ Моделінің негізгі мақсаты – қазіргі заманның әлемдік проблемаларын шешуге оқушылардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

Бұл шараға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы мен Сәтбаев қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсетті. Сонымен қатар, ұйымдастыру жұмыстарына қалалық жастар мәслихатының депутаттары қамтылды.

БҰҰ Моделі біздің қаламызда жылына екі рет, яғни аймақтық деңгейде наурыз айында БҰҰ Бас Ассамблеясының моделі және қалалық деңгейде қараша айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің моделі өтеді.

БҰҰ Моделі – бұл рөлдік ойын, оның барысында БҰҰ органдарының жұмысына имитация жасалды. БҰҰ-ға жиналған студенттер мен оқушылар адамзатты толғандыратын мәселелерді шешуге әр түрлі мемлекеттердің дипломатиялық өкілдері рөлінде қатысты. Модельде әр қатысушы рөлге толық кіріп, өз елінің тарихын және сыртқы саясатын жетік білетіндігін таныта білді.

«Таяу шығыстағы жағдай» тақырыбында өткен БҰҰ Моделі жұмысының негізгі нәтижесінде тиісті қарарлар қабылданды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.