Қылқалам ұшында

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған «Менің сүйікті қалам!» атты жас суретшілер байқауы өз мәресіне келіп жетті.

Коворкинг орталығында жас қылқалам шеберлерінің шығармашылығын арттырып, қолдау білдіріп, болашаққа бағыт беруді мақсат тұтқан байқау жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

– Биылғы жылы сүйікті қаламыздың 45 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Әлем ғалымдарының басын біріктірген «Тұлға.Патриот.Ғалым» симпозиумы, «Мейірім шуағы», «Біз таза және әдемі қала үшін» қайырымдылық акциялары, «Ұлы дала мұрагерлері» бағдарламасы секілді шараның маңызы зор. Оған міне, жас суретшілер байқауы қосылып, қаламызға деген сүйіспеншілік сезімді арттыра түскендей болды, – деген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Жанділдәұлы қазылар алқасының төрайымы, «Даму» дизайн орталығының директоры Шолпан Жаңғаскинова, Евро дизайнерлер одағының мүшесі, мәдени-сауық орталығы жанынан құрылған қолөнер үйірмесінің жетекшісі Армия Есеновке алғысын білдірді.

Қаланың 45 жылдығын ұлықтау, патриотизмді дәріптеу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, балалардың қабілетін дамыту, шеберлігін арттыру мақсатындағы шарада сырлы бояуға жаны құмар көрермендер көп жиылды. Байқауға оннан аса еңбек қабылданып, асқан шеберлікпен салынған портреттер, қаланың көркем көріністері назарға ұсынылды. Енді ғана сурет әлеміне қадам басқан жас қылқаламшылардың шеберлігі тәнті қылып, қайсарлығы таңдай қақтырды. Қабырғаға қаз-қатар ілінген картиналар қаланың әр кезеңінен сыр шертіп, тарихты қозғайды. Қаладағы зәулім ғимараттардың тамаша талғаммен салынғандығы бірден аңғарылады.

Ұрпаққа ұлағатты ой тастайтын картина салып, биіктен көрінулеріне тілектестік білдірген ақжарма лебіздерден кейін жүлдегерлердің аты аталып, ортаға шақырылды. Кескіндеме өнері бойынша Александр Азаренко бірінші, Шұғыла Әлжан екінші орынды иеленсе, Аманжол Рымбек, Ясмин Абдоллат, Нұрмұханбет Аманжолов үшінші орындарды өзара бөлісті. Графика бойынша Диана Дулат – бірінші, Күләш Ардаққызы – екінші, Айым Ерлан, Ақтолқын Сайлаубек үшінші орындарға лайық деп табылды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.