АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

«Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам? – деп жырлап өткен біртуар ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров – Тәуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, әділетсіз өмір бетпердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін тамаша туындылар жазды. Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапханасында демократ ақын С.Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына орай «Алаштың ардақты ақыны» атты оқырман конференциясы өтті.

Шара барысында С.Торай­ғыров туралы қысқаша мәлімет беріліп, «Шығамын тірі болсам адам болып» кітап көрмесіне шолу жасалды. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушылары ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты баяндама жасап, қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.

Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек еткен ірі тұлға, ХХ ғасырыдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің өркендеп, идеялық тұрғысының биіктеп, көркемдік жоғарлауына ерекше үлес қосқан ақын, ағартушы-демократ С.Торайғыров – халқымыздың ой-тілегін білдіріп, көзін надандықтан ашуды арман етті. Қысқа өмірінде ұлт мәдениеті тарихында құрметті орынға ие болды. Қиындықтарға төтеп беріп, қайсарлық көрсетті. Білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.
«Сөндіріп ай мен күніңді,

Тек денімді сау қылшы!» – деген тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген С.Торайғыров аз жасап, көп арманы көкірегінде кетті. Өз дәуірінде жанартаудай жарып шығып, қара түнде найзағайдай жарқылдаған ақын аққан жұлдыздай небәрі 27 жасында дүниеден қыршын кетті.

Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тербеткеннің өзінде өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипатымен, оттылығымен келешек ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық туындыларға айналды.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, туғанына 125 жыл толып отырған, көрнекті ақын шығармалары сан ғасыр жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері анық.

Б.Бикеева,
өлкетану кітапханашысы.

Комментарии закрыты.