Жылуы мен жігерін аямаған

Жүрегінің жылуы мен жігерін қарттарға, мүгедектерге, аз қамтылған жандарға арнаған әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесі қаламызда салтанатты түрде аталып өтті. «Мұрагер» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, мереке иелері төрден орын алды. 28 қазан – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесі болып 2011 жылы бекітілген еді. Бұл – аға буын өкілдеріне, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ұдайы қамқорлық танытып келген қызметкерлерге Елбасының көрсетіп отырған орасан құрметі.

Осынау зор үмітті үлкен жауапкершілікпен ақтап жүргендерді бірінші болып қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина құттықтады.

– Сіздерді Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні –кәсіптік мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлеріне арнап мереке күнін белгілеудің маңызы зор деп ойлаймын. Бұл осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет көрсеткен адамдарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі. Себебі, қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты, көп жағдайда халықты әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдіктердің деңгейіне байланысты болады. Сіздердің қатысуларыңызбен биыл қаламыздың мерейтойына байланысты бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Қала әкімдігі меценаттар мен тәлімгерлер клубының бастамасымен «Мейірім шуағы», «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциялары есте қаларлықтай болып өтті. Акция барысында 65 балаға көмек көрсетіліп, Ержан Амантайға екі бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Дәл қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу бөлімшесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Ғимарат ішінен балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Біздің барлық күш-жігеріміз ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына толық жауап беретін және қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға бағытталады. Бұл орайда сіздер барынша аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандардың игілігі үшін қызмет етіп келесіздер, – дей келе, бір топ мереке иесіне қала әкімі А.Ыдырысовтың Құрмет грамотасы мен естелік сыйлығын тапсырды. Олардың қатарында Жанар Жүсіпова, Гүлдана Рахымбекова, Гүлжамал Есмағамбетова, Шынар Шалабаева бар.

Мұнан соң қала әкімінің арнайы номинациясына ие болған майталмандар құрметтелді. Зағипа Әбдікерова «Мейірімді жүрек», Қорлан Байзақова «Мамандығына адалдығы үшін», Айнұр Ақеділова «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері» атанып, отыз мың теңге сыйақыға ие болса, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы адал еңбегі үшін Мағрипа Наурызбаева «Үздік әлеуметтік қызметкер» (50 мың теңге) номинациясына лайық деп танылды.
Жиырма бес жылдан бері осы салада тер төгіп келе жатқан Мағрипа Ахмедиярқызы бүгінде қала бойынша тоғыз адамға қызмет көрсетеді. Арасында жалғызбасты, ешкімі жоқ қарттар жетерлік. Олардың көңілін тауып, жетісіне екі рет азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту негізгі міндеті. Одан бөлек сыртқа шығарып серуендетіп, жуындырып, үйін тазалап, барынша бабын жасауға тырысады.
– Қаладағы жалғызілікті қариялар арасында қаракөз қазақтар жиі кездеседі. Балалары, немерелері бөлек тұрады. Олар біздің көмегімізге әркез зәру. Тоқсаннан асқан Анна Филипова секілді әжелер екінші анам секілді маған әдбен үйреніп алған. Мінездері құбылмалы. Сондықтан, бізге психолог болуға тура келеді. Қан қысымын өлшеп, қандай дәрі ішетіндігіне дейін біліп отырамыз, – деген Мағрипа Наурызбаева жұмыста іскер қызметкер болса, отбасында аяулы ана. Азамат, Дәурен, Асылбек атты үш ұл тәрбиелеп өсірді. Жаңагүл есімді келіні бар. Теректі орта мектебінде ұзақ жылдар еңбек еткен әкесі Ахмедияр мен анасы Үмітжаннан жұққан тектілік Мағрипа апайды өмір жолында алға жетелеп келеді.

Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук жүрекжарды лебізін білдіріп, сала қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған өзінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген Жолдауында ел алдындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде жаңа әлеуметтік саясат – әлеуметтік жаңғыртуды айқындады. Бұл міндеттің басты бағыты қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы болып табылады. Ол өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығына ішкі жұмыс күшін тартудың жаңа тәсілдерін іске асыру, еңбек ресурсының сапасы мен экономикалық белсенділігін арттыру арқылы халықтың табысын ұлғайтуды көздейді.

Осындай мерейлі күні әлеуметтік қорғау саласындағы еңбектеріңіз үшін ризашылық білдіре отырып, қыруар жұмыстың ыстығы мен суығына төзгендеріңіз үшін зор денсаулық, қиын да қастерлі қызметтеріңізде мол табыс тілеймін! – деді ол.

Осы тектес тілектерге қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков, орынбасары Асқар Шоқпытов, «Жұмыспен қамту орталығының» басшысы Қазбек Ашықбаев та қосылды.

Бұл кеште Сабыр Омаров, Сатым Тезекбаева, Талиға Қапарова, Гүлназия Мансұрова секілді ардагерлер де ұмыт қалмады, ұлықталды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.