Үш кубок сарапқа салынды

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында жексенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Сәтбаев қалалық «Көңілашар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көңілді тапқырлар клубының ойыны өтті.

Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан қатысқан 19 топтың ішінде сахнада ысылған топтармен қатар, алғаш өнерлерін көрсеткендер де болды.

Жастардың өнеріне баға беруде «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды филиалының өкілі С.Смағұлов, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы басшысының орынбасары Л.Мыңбаева, әкім аппараты кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Н.Кенжеғұлов, КТК ойындарына қолдау көрсетуші жігіттер Ә.Смағұлов, А.Бейсенбаев қазылық етті.

Екі сағатқа созылған бұл ойында қоғамның кейбір кертартпа тұстары әзілмен әжуаланып отырды. «Көңілашар» ҚБ басшысы Б.Сейтжаппаровтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өткен ойында үш кубок сарапқа салынды.

Ойынның қорытындысы бойынша қалалық мәслихат хатшысының кубогін «Абай шәкірттері» алса, «Степной» кеніші Жастар одағының кубогін «Шанхай жұлдыздары» тобы иеленді. Алғаш рет үлкен сахнада өнерлерін көрсеткен М.Құлышева атындағы «Балалық шақ» балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «Айран» тобы «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды филиалының кубогін жеңіп алды.

Бұл ойын алдыңғы ойындардағыдай емес, КТК ойындарының сапасының жақсарғанын, күлдіремін деп бүлдіріп жататын тұстарының азайып келе жатқандығын байқатты.

Б.ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.