Жас саясаткерлер мектебі ашылды

Өткен бейсенбіде Сәтбаев қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жас саясаткерлер мектебінің ашылу рәсімі өтті. Оған қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев және жас мамандар қатысты.

Ашылу рәсімін «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев ашып, қатысушыларға жас саясаткерлер мектебінің мақсаты мен негізгі бағыттарын таныстырды.

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» ЖҚ-ның І съезінде жастар кадрлық резервін қалыптастыру бойынша берген тапсырмасына орай, «Жас Отан» ЖҚ жас көшбасшыларының тұлғалық және іскерлік қабілеттерін дамыту және жылына 20-40 жас белсенді азаматты қоғамдық және саяси қызметке дайындау мақсатында «Жас Отан» ЖҚ жас саясаткерлер мектебін ашып отыр.

Аталмыш жоба сәтбаевтық жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Соған себеп, мектептің тыңдаушысы ретінде 71 жас тіркелді. Олардың қатарында қалалық мекемелер жас мамандары және жалпы білім беретін мектептер оқушылары бар.

«Жас саясаткерлер мектебінің» оқу бағдарламасы жастардың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған дәрістерден, тренингтерден, тәжірибе сабақтардан, пікір сайыс алаңшаларынан және іскер ойындардан тұрады.

Тыңдаушылар қараша, желтоқсан айларында негізгі тақырыптар бойынша мәліметтер алады. Желтоқсан айының соңында мектеп тыңдаушылары арасында ассесмент-центр арқылы іскери қызметтерін бағалау өткізіледі. Бағалаудан сәтті өткен 30 адам мектепте оқуды жалғастырады.

Одан әрі тыңдаушылар саясаттану негіздері, сайлау технологиялары бойынша дәрістерге, қалалық мәслихат депутаттарымен, жергілікті атқару органдары басшыларымен кездесуге және сайлау туралы іскери ойынға қатысады. Сонымен қатар, экономика негіздері, үдемелі индустриалдық инновациялық даму, жеке кәсіпкерлік туралы мағлұмат алады. Мектеп тыңдаушылары арасында бизнес және әлеуметтік жобаларды қорғау конкурсы өткізіледі.

2011-2012 оқу жылының қорытындысы ретінде тыңдаушылар арасынан «Көшбасшы» тұлғалық даму байқауы өткізіледі. Барлық тыңдаушылар «Отаншыл-2012» жастар білім беру форумына қатысады және мектеп қорытындысы бойынша оларға сертификаттар тапсырылады, – деді Нұрлыбай Оразалыұлы.

Осыдан соң, қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева жаңа бастамаға ризашылығын білдіріп, барлық тыңдаушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ж.Дәрібаев егемен еліміздің келешек басшыларын дайындайтын мектептің жұмысына табыс тілеп, осы бастаманың келешекте нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Тұсаукесер рәсімінің соңында М.Мәдиева мен Ж.Дәрібаев мектептің алғашқы 71 тыңдаушысына салтанатты түрде арнайы куәліктерді табыстады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.