«Жеңетініме сенімді болдым» дейді Светлана Гамаюнова

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай мемлекеттік тілді дамыту және оның қолдану аясын кеңейту мақсатында облыстық байқау ұйымдастырылды. «Мемлекеттік тіл – болашағым» атты байқау «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы ғимаратының көк залында қарашаның 17-күні салтанатты түрде өтті. Байқауға облыстың әр қалаларынан келген әр түрлі салада қызмет істейтін, мемлекеттік тілді жетік меңгерген 10 өзге ұлт өкілдері қатысты.

Байқаудың бес шартынан сүрінбей өткен, әсіресе «Өнерім – өмірім» сайысында домбырамен «Сарыарқа» әнін шырқата салып, қазыларды да, көрермендерді де таңдай қақтырған біздің Светлананың бағы жанды. Осы байқауда тілге деген қызығушылығының молдығымен көзге түскендігі үшін I-дәрежелі дипломмен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болған орыс қызы кеншілер қаласының мерейін үстем етіп қайтты.

«Қазақ тілін жетік меңгергенің, таза сөйлейтінің көрініп тұр, байқауда қиналмаған боларсың?» деген сұраққа Светлана: «Жоқ, мен өзімнің жеңетініме сенімді болдым. Қарсыластарымның деңгейінің төмендігін бірден байқадым, қағазға қарап, оқып, шатасып жатты. Мен еркін, ойыммен айттым», – деп жауап берді.

Светлана сондай-ақ бұл байқауға қатысуына қолдау көрсеткен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаеваға, өзін жан-жақты дайындаған қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова мен №3 мектептің музыка пәнінің мұғалімі А.Сейтбековке рахметін айтты.

Сәтбаев селосындағы № 17 негізгі мектептің түлегі, Жезқазған гуманитарлық колледжін іс қағаздарын жүргізуші мамандығы бойынша бітірген Светлана Гамаюнова қазақтың келіні екен, бір баланың анасы.

Қоғамдық жұмыста жүрсе де қаламыздың намысын қорғап, ортадан ойып шыққан Светлана болашақта тұрақты жұмыс тауып кетер деп сенеміз.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.