Ұлы құндылықты ұлықтайық

Жақында Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауын және Медиа-жоспарды іске асыру мақсатында басқарма қызметкерлерімен отырыс өтті.

Онда «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында операциялық топтың бас қазынашысы Г.Абдикаримова баяндама жасап, 16 желтоқсанда атап өтілетін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы туралы, осы жылдардағы жеткен жетістіктер мен айқын жеңістерге тоқталды.

– Бүгінгі Қазақстан өз алдына Тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге өзін мойындатты. Аз ғана уақытта егемен ел болудың өзіндік жолын таңдай алды. Толағай табысымыздың қазақстандық кілті еңбексүйгіштік, ұлттың бірлігі мен табандылығы. Халықтың әл ауқатын көтеруде жеткен жетістіктеріміз – еңбекақының, зейнетақы көлемінің өсіп, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, халықтың табиғи өсімі ұлғайып, адам өлімі қысқаруы. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан адам әлеуетін дамытудың жоғары деңгейіндегі елдер рейтингінде 169 мемлекеттің ішінен 66-шы орынға тұрақтады. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір тұрғынының әлауқатын жақсартуға бағытталған үздік әлеуметтік саясат жүргізіп отырғанының дәлелі, – деді баяндамашы. Отырыстың екінші жартысында басқарма қызметкерлері өз ойларымен бөлісті. Қаржылық және шарттарды тіркеу тобының бас қазынашысы О.Қалиева сөйлеп, Елбасымыз «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталатын бағдарламаны бекітті, жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны жүзеге асыру – жалпыхалықтық іс. Осыған барша қазақстандықтар күшін біріктіре отырып атсалысуы тиіс деп ұран тастады.

Басқарма бастығы Б.Шәкенов «салтанатты оқиғалардың шарықтау шегі – 16-шы желтоқсанда өтетін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған үлкен салтанатты мерекеге ұласады. Ең бастысы, әрбір қазақстандық азамат мерекелік көңіл-күйді бастан кешіп, ел өміріндегі айтулы оқиғаға өзінің де қатысы барын сезінуі тиіс. Сондықтан осы айтулы мерекеге халық болып белсене қатысуымыз қажет» деп жиынды қорытты.

Айтулы мерекеде мемлекеттік органдар ғана емес, іскер топтар, шығармашылық интеллигенция, жастар ұйымдары, жалпы халық белсенділік танытуы керек. Бір сөзбен айтқанда, «болғанынан боладысы қызық» үлкен тойды өте жоғары деңгейде өткізу – бәрімізге сын.

Олай болса, Тәуелсіздік деген ұлы құндылығымызды ұлықтауға жаппай атсалысайық.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.