Антына берік, сертіне адал

Елбасының биылғы жылдың 5 қазанындағы Жолдауы ішкі істер органдары қызметінің сапасын одан әрі жақсартып, азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерді көтеруді көздейді. Әрбір учаскелік полицейдің Президенттің елдің арасындағы өкілі екенін тағы бір мәрте еске салған Елбасы оларға үлкен жауапкершілік жүктеді.

Осы міндеттің үдесінен шығуға тырысып жүрген Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінде антына берік, сертіне адал жігіттер жетерлік. Олар Елбасы Жолдауында айтылған өзгерістерге қазірден дайын. Солардың қатарында жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Әлішер Әуелбайұлы бар.

Халықтың сенімінен шығу оңай шаруа емес. Заман талабы күшті, сыны қатал. Одан шығу үшін тәртіп сақшылары білімді, дұрыс шешім қабылдауға қабілетті болуы тиіс. Тұрғындармен үнемі кездесіп, бір табан жақын жүретін учаскелік полиция инспекторларына артылған міндеттің жеңіл емес екендігі ақиқат. Бүкіл ұжымның имиджін қалыптастыратын да солар. Үстіміздегі жылдың шілде-қыркүйек айларында учаскелік полиция инспекторларының халық алдында беделін арттыру мақсатында өткен «Өз ісінің үздігі» байқауында топ жарған Әлішер Әуелбайұлы облыс бойынша үшінші орынға лайық деп табылды. Атыс, денешынықтыру, саптық дайындық және полиция қызметін реттейтін нормативтік актілер мен заңдарды білу деңгейін анықтау арқылы жүргізілген іріктеуден сүрінбей өткен жас жігіт өзінің майталман маман екендігін осылайша білдірді.

Ал, жол-патрульдік полиция ротасының полиция сержанты Асылхан Әбдіхалық спорттағы табыстары арқылы өзге әріптестеріне үлгі болып жүр. Ол спортпен бала кезінен айналысады. Өз ісінің шебері Амантай Байтуриннің мектебінде шыңдалып, грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Асылхан полиция бөлімінде қызмет ете жүріп республикалық, облыстық додаларда топ жарды. Биылғы жылы Жезқазған қаласында өткен генерал-майор Құрмановты еске алуға арналған байрақты бәсекеде бірінші орынды жеңіп алды. Оның ізін бүгінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған туған бауыры Асылбек жалғастыруда.
– Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін айтты. Әлбетте қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып есептеледі. Осы қауіпсіздікті тәуліктің кез келген мезгілінде қамтамасыз ету үшін біз қылмыспен күресте басымызды қатерге тігіп, азаматтарды қорғаймыз. Президенттің қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы кәсіби біліктілікті, арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын қажет етеді. Сондықтан, спортқа бейім болып, қызметтік жаттығудың түрлі тәсілі мен амалын меңгергеніміз абзал, – дейді ол.
Осы генерал-майор Құрмановты еске алуға арналған қазақша күрестен өткен турнирде жол-патрульдік полиция ротасының полиция сержанты Ислам Құттымұратов «Түйе палуан» атанып, ұжым абыройын асқақтатты. Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін танытқан жас жігіт кезінде жоғары санатты жаттықтырушы Талғат Әбдішевтің қоластында он жасынан бастап шынықты. Халықаралық, республикалық жарыстарда дзюдо мен қазақ күресінен шаршы алаңның шаңын шығарды. Бүгінде ол қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Қазақ жерінің аманатын қызметте ғана емес спортта да арқалаған азамат атасы Құттымұраттың жолын заң саласында лайықты жалғастыруда.
Елі мен жеріне адал қызмет ету жолында Елбасы саясатын қолдап, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан қатардағы полицей Әділет Әділхановтың да спорттағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ол генерал-майор Құрмановты еске алуға арналған дәстүрлі бәсекеде үшінші орынды еншіледі. Қазақ күресінен табан тірескен додада шеберлігі мен жинақылығын көрсетіп, табандылығының арқасында мақсатқа жете білді. Бірбеткей мінезі мен шыдамдылығы, ұрыста қолданатын техникасы мен әдіс-тәсілінің молдығы оны әркез алға жетелеп келеді.
– Елбасының: «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек», – дегені кез келген мемлекеттің басты ұстанымы болуға тиіс. Соңғы кездері бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Көптеген қылмыс түрінің төмендеуі осының көрсеткіші. Тұрғындар қиын жағдай туындаса, бірден полицейден көмек сұрайды. Жасалып жатқан жұмыстар, көрсеткіштер мен нәтижелер бұл саланың үздіксіз қарекет үстінде екенін нақтылайды, – дейді ол.
Облыстық «Өз мамандығының үздігі» байқауында бірінші орынды жеңіп алған жол-патрульдік полиция ротасының полиция сержанты Назымбек Қасымбеков республикалық байқауға жолдама алған болатын. Қыркүйек айының 24 мен 28 аралығында Астана қаласында өткен жиында ол арнайы дипломға ие болды. Ондағы мақсат – білік-білімді, дағдыны, кәсіби шеберлікті жетілдіру. Түрлі жағдайдағы іс-әрекетті бағамдау болып табылады. Жол-патрульдік полиция қызметінің әрбір іс-әрекеті үнемі қоғамныӊң көз алдында тұратын құрылым екендігі белгілі. Н.Қасымбековтің дәл осы саланы таӊңдауының өзі кездейсоқ емес. Балалық арманы орындалды. Енді алдағы уақытта да ол құқық қорғау саласын дамытып, тиімділігін арттыру бағытына өз үлесін қоса бермек.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.