Жеңіс тұғырында – сәтбаевтықтар

Жекпе жек сайысынан жасөспірімдер, жастар арасындағы Сәтбаев қаласының ашық біріншілігі өткен жексенбіде «Жастар» сарайында жалауын көтерді.

Қарағанды, Астана, Пришахтинск, Сарань, Жезқазған, Сәтбаев командалары бас қосқан байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Сәтбаев қаласының денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Н.Тобағұлов, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы С.Жақыпов, жарыстың бас төрешісі Н.Қуанышбеков қатысушыларға сәттілік, талмас талап тіледі.
– Биылғы жыл сәтбаевтықтар үшін табысты болды. Қуат Қуандықов, Азамат Шакиров сынды екі әлем чемпионын дайындап шығардық. Еліміздің көк байрағын әлем аренасында желбіреткен Ердәулет Байымбетов, Қуандық Телжанов – мақтанышымыз. Бұл ұзақ жылғы қажырлы еңбектің жемісі. Жеңісті күндер көп болсын, – десті олар.
Биылғы жылы екінші рет өткізілген жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша Сәтбаев – бірінші, Қарағанды – екінші, Жезқазған құрамасы үшінші орынды жеңіп алды.

М.АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.